Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

«Мұндай заңды 10-сынып оқушысы да жаза алады», - депутат

13.02.2024ж. 20:00
1025
«Мұндай заңды 10-сынып оқушысы да жаза алады», - депутат

Құрылыс кодексінде шикілік көп. Ішіндегі орфографиялық қателерді былай қойғанда, жаңашылдық жоқ. Жаңа заң жобасы деген аты ғана. Түптеп келгенде мазмұны әр жерден ұрланған. Құдды бір оқушының рефераты дерсің. Мұндай заңды 10-сынып оқушысы да жаза алады, - деп депутаттар ашуға булықты. Кодекстегі кемшіліктерді Аружан Задабек жіпке тізді.

Президент өткен аптада ғана Үкіметке міндет жүктеді. Жаңа құрылыс кодексінде қатенің көп екенін айтып, қайта талқылауды тапсырды. Депутаттар «талқылау» дегенді қағып алып, бүгін құзырлыларды өз алаңдарына шақырды. «Өзіміз отырып шай ішейік» дегендер бірінен кейін бірі олқылықтарды айтып, министрлік өкіліне сұрақты қарша боратты. Үсті-үстіне келген сауалдарға әбден ызаланса керек, вице-министр «дұрыс сұрақ қойыңдар» деп тап берді.

«Пікірталас басталды, таяқ жерге тасталды». Депутат Болатбек Нәжмедиұлының сөзін Қарақат Әбден іліп алып кетті.

Қарақат ӘБДЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Кілт беріледі. Тұрғындар орналасады. Артынан сапасыз екені анықталады. Бір айдан кейін-ақ бұзылғандарын көреміз.

Депутаттар бүгін қаншалықты белсенді болса, вице-министр соншалықты ашулы. «Енді мен не істейін?» деп бір күрсінді де, жаңа заң жобасы арқылы осымен күресеміз деп уәде берді.

Тимур ҚАРАҒОЙШИН, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қазір енді салынып кеткен нәрсе, не істейміз енді? Ал ертең салдырмаймыз. Табанынан бастап тоқтатамыз.

Депутаттар жаңа заң жобасын сынауға ұқсап бақты. Бірі сейсмикалық аймақтардағы құрылыс мәселесін қозғаса, енді бірі не мектебі, не балабақшасы, ауруханасы жоқ жерге үй салуға қарсы екенін айтты. Мемлекеттік тапсырыстың дұрыс өткізілмейтініне тоқталып, өзгеріс енгізуді ұсынғандар болды.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз әкімдік деңгейінен өтеміз. Олар енді өздерін қалай тексереді? Біз біліп отырмыз ғой. Оларды республикалық деңгейге беру мәселесі шешіле ма?

Қысқасы, депутаттардың да Президент секілді жаңа заң жобасына көңілдері толмайды. Шикі деді. Оны рефератқа балап, 200 беттің құр мәні жоқ жай ғана ақ қағаз екенін айтты.

Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Ешқандай жаңалық жоқ бұл заң жобасында. Басқаша айтқанда үш заңды қосып-қосып бір заң ретінде кіргізе салған.

Вице-министр депутаттармен алысып шаршаса керек, «аш бәледен қаш бәле» деді ме, әйтеуір, үнсіз қалуды қалады.

Президент заңға дұрыс сараптама керек деді. Бүгінгі жиынның өткізілу мақсаты да – сол. Бірақ жартысына келгенде депутаттар министрлік өкілінің құр сөзінен жалықты ма, әлде түскі асқа асықты ма, қайдам, бірінен кейін бірі залдан қашып кетті. Осыдан кейін жаңа заң жобасы тез нәтижеге жетеді деп айту қиын.