$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Шахандықтар үйлеріне орала бастады

AstanaTV
09.01.2017ж. 20:00
2116
Шахандықтар үйлеріне орала бастады

Шахандағы апат болған үйге жаңа мобильді қазандық орнатылып, жылу беріле бастады. Бірақ пәтерлер жылына қоймапты. Тұрғындар қазандық жарылғанда үйде жарықтар пайда болғанын айтады. Сондықтан құзыретті орындардан қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап отыр.

Досжан Жұмкин, Шахан кентінің тұрғыны:

Рахмет мұндай жылу бергеніне. Бұрын мұндай жылу болмайтын. Соның өзінде майкамен отыратынбыз. Енді міне, 40 қабат киіммен жүрмін. Үйдің сыртында қосылған жерлерінің сылағы, балшықтары түскен. Үй қозғалды ғой. Астынан да гулеп жатыр.

Шахан кенті әкімдігінің хабарлауынша, тұруға жарамды 3 подъездегі 44 отбасының 32-сі өз пәтерлеріне оралған. Ал сарапшылар қалпына келтіруге болады деген 1 және 2 бөлмелі 8 пәтер қожайындарының бесеуі бұрынғы үйлерінен бас тартқан. Оларға қайырымдылық қорына жиналған қаражаттан баспана әперуді жоспарлап отыр. Бүгінде жер-жерден қайырымдылық қорға 47 млн теңге жиналған. Бұл ақша әзір баспана мәселесін шешуге ғана жұмсалмақшы. Ал, құны 13 млн теңге мобильді жаңа қазандық пен апаттың салдарын жою жұмыстарының барлығын мердігер ұйымдар қарызға істеп жатқан көрінеді.

Мұрат Жақыпов, Шахан кентінің әкімі:

32 отбасы кірді. Әр отбасымен жұмыс істеп жатырмыз. Тоғызы үйлерін барып көріп жатыр. Кішкене салқындау болып тұр ғой әлі. Қаншама күн жағылған жоқ, жылу болған жоқ. Кішкене қатқандары болды. Бірақ, істедік күллісін.

Еске салсақ, жаңа жылдың алғашқы түні Қарағанды облысының Шахан кентінде көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан қазандық жарылып 9 адам қаза тапты. Оның үшеуі бала. Сол күні қазандыққа от жаққан адам әлі ұсталған жоқ. 

Айжан ҚУАШ