Қазақстан – өзге мемлекеттерді Орталық Азиямен байланыстыратын алтын көпір. Қатар біз арқылы Қытай және Ресеймен алыс-берісін дамытады. Нәтижесінде мемлекеттің тауар айналымы артып отыр. Жерінің басым бөлігі шөл екенін ескерсек, оларға су ресурсы ауадай қажет. Ауыл шаруашылығы саласы ақсап тұрған өңірге Қазақстанмен байланыс орнату осы үшін де маңызды. Ал біз Таяу Шығыстағы әріптестерімізден Президент айтқан табиғат нәрін үнемдеу технологиясын үйренуіміз қажет, - дейді сарапшылар.
Талғат ҚАЛИЕВ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Олардан ең қызығы – ақша, инвистиция және технология. Технология болғанда, ол су аз жерде тұратын мемлекеттер баяғыдан бері суды дұрыс пайдалануды үйреніп алған. Олардың су сақтау технологияларын біз жаққа тартып, арғы жағында бірталай электроника, технология бар, соларды тартып дамитын мүмкіндігіміз бар.
Қатардың негізгі байлығы – мұнай. Елдегі табыстың 90%-ін осы қара алтын өнеркәсібі береді. Табиғи газ қоры жөнінен әлемде үшінші орында тұр. Металлургияға да бай. Егер қос тараптың байланысы одан әрі артса, экономикаға оң септігін тигізеді, - дейді экономист.
Лидия ПАРХОМЧИК, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Қатар - біздің сенімді серіктесіміз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катарға сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары, ал Катардың инвестициялық әлеуеті зор. Сондықтан екі елдің сауда-экономикалық байланысы мықты. Бір-бірінен үйренері көп.