Керекуде Чернобыль оқиғасының
қатысушысы үй-күйсіз қалғандықтан, кәдімгі гаражды паналауға мәжбүр. Қазіргі
таңда 7 адамнан құралған отбасы ауасы ауыр, дым тартқан нысанда тұрып жатыр.
Жергілікті билік Асылбековтар әулетінің жағдайынан хабардар. Пәтер кезегінде
тұрған Чернобыль оқиғасына қатысушыларға жеңілдіктер қарастырыла ма? Әсемгүл
Мұхитқызы сабақтайды.
Түгел қап-қара. Мына жерде де
сол. Терезе де сол. Жауып қойдық, суық болмас үшін.
Қыс келісімен Асылбековтар
әулеті қабырға мен терезені жылылап әлектенеді. Бірақ, тұрып жатқандары үй
болмағандықтан, қам-қарекеттің бәрі бекер. Төбеден аққан су, күміскі иіс, ауыр
ауа. Бұл - олардың соңғы алты жыл бойы үйренген қалыпты жағдайы.
Гүлнәр Қалиева:
Мен 32 мың еңбекақы аламын.
Жолдасым 40 мың теңге. Қызым мен күйеу баламның табысы да сол шамалас. Ақша
азық-түлік, көмір мен отын, коммуналдық
төлем мен пәтерақыдан аспайды. Немерем де жиі ауырады. Оның дәрі-дәрмегі де
арзан емес.
Қуанышбек Асылбеков 1986 жылы
Чернобыль апаты салдарын жоюға өз еркімен сұранып кеткен. Кәсіпорында жарты
жылдай еңбектенген. Елге оралған соң тірлігін жалғастырады. 2010 жылы ауылдан
қалаға көшіп келген. Пәтер алуға шамасы жетпеген соң мына гаражды жалдауға
мәжбүр болғанын айтады. Әуелде уақытша, кейін бұл нысан тұрақты мекеніне
айналыпты.
Қуанышбек Асылбеков, Чернобыль
оқиғасының қатысушысы:
Гаражды үйге айналдырып алдық.
Ішінен қалап, сонда тұрып жатырмыз. Іші салқын. Айына 20 мың төлеп отырамыз.
Зарплатамыз жетпейді.
Шағын баспананы жеті адам
паналайды. Олардың екеуі кәмелетке толмаған бала. Үй іші жылы болу үшін отағасы
пеш салып алған. Өрт қауіпсіздігі сақталмаған, әрине. Бірақ, басқа амалым
болмады, - дейді Қуанышбек Асылбеков. Бар үміті - арман болған өздерінің төрт
қабырғасы.
Елена Кускова, Павлодар қалалық
ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
Асылбековатар отбасы кезекте
тұр. Олардың реттік нөмірі - 1964. Бұл отбасы 2010 жылдан бері баспанаға зәру
тұрғындар категориясы бойынша кезекке тұрған. Пәтерді тек кезек уақыты келгенде
ғана ала алады.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Павлодар облысынан атом-электр
стансасында болған жарылыстың салдарын жоюға 1 мың 200 адам барған. Бүгінде
олардың 300-інің көзі тірі. Көбінің
денсаулығы сыр беріп, еңбекке жарамай қалған. Солардың бірі - осы Қуанышбек Асылбеков.
Тұрақты жұмысы жоқ, жеңіл-желпі жұмыстар істеп болмашы қаражатқа жан бағып
отыр. Бұл санаттағы тұрғындарға тағдайындалған мемлекеттік жеңілдіктер, шын мәнінде, тек сөз жүзінде ғана күшіне
ие,- деп налиды Қазақстандағы Чернобыль одағының өкілдері.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ