$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда жасанды жаңбыр шақыратын құрылғы ойлап тапқан оқушы болашақ жоспарларымен бөлісті

16.02.2024ж. 20:00
1314
Алматыда жасанды жаңбыр шақыратын құрылғы ойлап тапқан оқушы болашақ жоспарларымен бөлісті

Алматылық жас өнертапқыш қуаңшылықпен күресудің жаңа тәсілін ойлап тапты. Қалай дейсіз ғой? Ол үшін 11 сынып оқушысы Шолпан Аманкелді жасанды жаңбыр шақыратын құрылғы жасап шығарды. Осы арқылы келешекте ауыл шаруашылығы фермерлерінің жұмысын жандандырып, агроөнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік ашпақ. Сонымен қатар бұл құрылғы ел экономикасына да оң әсерін бермек.

Шолпан Аманкелді Мүсілім Базарбаев атындағы №138 гимназиясында оқиды. Оқушының ғылымға деген қызығушылығы бала кезінде оянған. Қазір робототехникадағы жетістіктерімен көзге түсіп жүрген дарынды жас болашағын да ІТ саласымен байланыстырғысы келеді. Осылайша өнерлі жас жердің озон қабаты мен ауадағы газдарды зерттеуге көмектесетін наноспутник жобасын қолға алуды жөн көріпті. Идеяны іске асыру үшін бір жыл уақыт кетті. Тың жобаны Алматы облысында сынақтан өткізіп үлгерді. Нәтижесі жаман емес.

Шолпан АМАНКЕЛДІ, ЖОБА АВТОРЫ:

Негізінен бұл ең алғашқы қазақстандық наноспутник болып табылады. Оның негізгі мақсаты – геоақпаратты жинау. Мұның ішінде 6-дан астам датчик бар. Олардың негізгі міндеті – химикалық газдарды зерттеу болып табылады. Бұл жерде біз жидкий азотты қолдана отырып химикалық концентрациялар жасаймыз. Және аграрлық дрондарды қолданып, біз оны тропосфералық слойға шашамыз. Соның арқасында біз жасанды жаңбыр технологиясын дамыта аламыз.

Аталған жобаны Шолпан Аманкелді көптің назарына ұсынып, ғалымдардың оң бағасын алды. Мәселен, Индонезияда өткен Халықаралық жас өнертапқыштар байқауында 1орын иеленіп, алтын медаль алды. Бұдан бөлек АҚШ, Ресей елдерінде өткен сайыстарда бақ сынады. Оқытушылары да дарынды бойжеткеннің болашағынан зор үміт күтіп отыр.

Медет ҚАСЫМБАЕВ, №138 ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Қосымша үйірмелерге, қосымша дайындыққа бара жүріп осындай дәрежеге жетті деп айтуға болады. Шолпан тек қана құрылғы ойлап таппай, үш тілде еркін сөйлейтін және де өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген жыршы, термеші шәкіртіміз. Жан-жақты. Шолпаннан үлкен үміт күтеміз. Сол себепті де біз барынша Шолпанға жағдай жасауға тырыстық.

Алдағы уақытта Шолпан ерекше құрылғыны модернизациялап, әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр. Еліміздегі қуаңшылыққа бейім, өрт жиі болатын өңірлердің ауа ылғалдылығын зерттеуге ниетті. «Бұл іс аса мұқият болуды талап етеді»,- дейді оқушы. Өйткені басты мақсат – экологияға кері әсер тигізбеу.