Ұлттық экономика министрі қызметінен 2016 жылдың соңында босатылған Қуандық Бишімбаев қаңтардың 10-да ұсталған, 12-де Астананың № 2 аудандық сотының санкциясымен тұтқындалды. Ол министр болып «Жер дауынан» кейін тағайындалған, алдында «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарған. Ұсталып, тұтқындалғаны – сол, «Бәйтеректе» жүргенінде «сыбайластарымен бірнеше рет ірі көлемде пара алған». Бұл Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро таратқан мәлімдеме. Өткен жылдың қарашасында «Нұрлы жол» бойынша өңірлерде жалға беретін үйлер салу жұмысымен айналысатын «Бәйтерекке» қарасты компанияның топ-менеджелері ұсталып, қамалған – жемқорлық желісімен. Лауазымы өте жоғары адамдар «жемқорлық» бабы бойынша ұсталғанда қоғамда стандартты түрде айтылатын әңгіме бар – түрлі топтардың компромат соғысы, ұстап беру және кристалды таза шенді жоқ. «Жоғары шенділер таңертең отбасымен қоштасып шығады екен, кешке оралуым екіталай» деп. Әлеуметтік желілерде осындай шымшыма жарияланған...
Тағы бір іс - біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорын
басқаратын топ-менеджерлер де
тұтқындалды, оның ішінде қордың жетекшісі Руслан Ерденаев бар. ҰҚК
таратқан мәлімет бойынша Ерденаевтер «Бұзғұл Аурум» деген компанияның
облигацияларын 5 млрд теңгеге сатып алған, ал компанияның жалғыз құрылтайшысы
Бақытжан Кенжебаев ақшаны жеке басының шаруасына жұмсаған. Бұл эпизод елдің
зейнетақы қорына байланысты онсыз да пессимистік көзқарасын «қара төртбұрыш»
ете түседі.