Коммунизм идеологиясын тіршіліктің барлық саласынан шығарып, монтаждауды радикалды түрде жүргізе алмайтынымыз түсінікті. Оның өкінішке қарай, саяси бояуы бар. Ал негізінен, бұл бірінші кезекте ми майданы. Сана-сезім майданы. Сосын демографияға тәуелді тұсы бар. «Бұл біздің жер» дегенде отарлауға ұшыраған уақыт қалдырған таңба – атаулар дыбыстық және мағыналық жағынан үйлесімсіз бояу қосады. Артық бояуды өшіруге ықпалдасатын бір жол - жастарды оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру идеясы – оқыту, жұмысқа орналастыру, «аяққа тұрып кетудің» алғышарттарын жасап беру қадамдары. Тек дабырайтпай, жүйелі және кібіртіктемей жүргізетін саясат... «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінде ономастика және термин мәселелері талқыланған. «Бұл Ленин бабамыз, бұл Ленин данамыз»... көшелеріміз бен елді-мекендеріміз әлі күнге дейін осы «жырды» сарнап тұр.
Айгүл Әдепбай, тілші:
«Атау. кз» сайтына кіріп, «Ленин» деп терсең болды, көше атауларынан көз сүрінеді. 534 көше Ленин атында, ел бойынша. 13 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Патшалы Ресейден келе жатқан Павлодар қаласымен қоса, «Павлодарская» деген алты көше бар екен. Менің өзім Павлодар облысы, Железинка ауданы, Веселая Роща ауылдық округінің Жаңа бірлік ауылынанмын. Ауылымның атауы ғана қазақша, оның өзінен кеңес заманынының исі аңқиды.
«Ленин» жалғыз емес, 258 көше «Октябрь» атында, 309 көше «советская», 302 «комсомольская», 93 «пионерская», 53 «коммунистік» деп кете береді. Сөйтіп кеңестік құрылымды әлі де әспеттеп тұр. Неге бұл атаулар кенеше жабысып қалды деген сол баяғы сұрақ көкейді теседі. Ал жауап, әки сылтау жетіп артылады.
Дихан Қамзабекұлы, Еуразия ұлттық университетінің проректоры, профессор:
25 жылда сұрақ туу мүмкін, неге коммунистік, социалистік, саяси атаулар жүр деген, мұның барлығында да жауабы анық. Бұл белгілі біздің жергілікті жерлерде отаншылдық негізі төмен, көбінесе Қазақстанның солтүстік аймағы.
«Неге?» деген сұраққа «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында белсенді топ жауап іздеді. Ономастика және терминология комиссияларының жұмысы пысықталды.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Патриоттық рухты тәрбиелейтін атаулар керек. Енді ол түсінікті ғой, ономастика деген үлкен бір күрделі, саяси жұмыс. Осыған байланысты біздің бүгінгі күні жүйеленген нақты жазылған концепциямыз бар ма?
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
Концепция болу керек. Әрине бір сондай заң түрінде және жүйелі түрде жұмыс істеу үшін осы бағдарламаға негізделіп концепцияны даярлау керек деп айтқан осы сауалыңыз өте дұрыс. Және алда да өзіңіздің ойыңызды салып жұмыс істейміз де ойлаймын.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолын байлап отырғаны жер-су, елді мекен атауларын өзгертуге жарияланған мораторий. Атау өзгертуге 2007-2013 жылдары, 2015 – 2016 жылдары тыйым салынып келді. Мараторий қазір де бар, тек идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды жойып, биыл мерейтойы өтетін тарихи біртуар тұлғалардың есімін беруге рұқсат етілген.
Елерке Төрехан, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы:
Орыс жерде орналасқан елді-мекендерді ауыстыру үлкен қиындық туғызады. Өйткені халықтың пікірін ескеру деген қаулы бар. Ең бірінші, елді-мекен болсын, көшені ауыстыру үшін ең алдымен оны бір ай бұрын жариялайды. Біз манадай елді мекенді ауыстырайық деп жатырмыз дейміз, ол хабарландыруда өтетін орны, уақыты бәрі көрсетіледі. Сол жерге келгенде көп дауыс беру арқылы хаттама толтырылады, қол қойылады. Сол кезде көптеген халық қарсылық білдіреді. Соның кесірінен көптеген атаулар ауыстырылмай қалады.
Дихан Қамзабекұлы, Еуразия ұлттық университетінің проректоры, профессор:
Мысалы, Украина, біз кейде сынаймыз Украинаны, бірақ Украина кеңестік тарихынан ат құйрығын кесіп жатқан ел, оларда декомунизация деген процес жүріп жатыр. Бізде отарсыздандыру деген процесс жүру керек, сонда отарсыздандыру болса, бір мезгілде бәрі түсіп қалады.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 650-ден астам елді-мекен болса, оның 35 пайызының атауы ғана қазақша.
Ернияз Сұлтанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы:
Өңірімізде 79-ға тарта Ленин, Ильич деп аталатын елді-мекен, көше атаулары бар. Сонда қазір біздің өңірде тек көше атаулары ғана өзгеріп жатыр. Ал елді-мекендер сол 35 пайыз қалпында қалып отыр, иә? -Әзірше қалып отыр.
Павлодар өңіріндегі жағдай да осындай. Облыста 3496 көше, қаланың өзінде 333 көше болса, олардың да 35 пайызының ғана атауы қазақша. Шаһарда былтыр жалғыз көшеге ғана бұйырған, қазақша атау.
Батырбек Қайыр, Павлодар облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ономастика бөлімінің басшысы:
Қалғандары орыс тіліндегі. Бірақ, олардың барлығын өшіріп тастауға болмайды. Себебі оның ішінде дүниежүзіне танымал классик ақын-жазушылардың да атаулары бар. Павлодар қаласының атауын өзгерту үшін тұрғындардан әртүрлі ұсыныс түседі. Біреуі Нұрлыкент, біреуі Баянтау, енді бірі Сарыарқа, біреуі Абылай кент деп, біреулер Керекуді қайтарайық дейді, Ертіс деп қояйық дейді. Бірақ нақты атауды таңдау керек. Және атау таңдаған кезде барлығы қарсы болмайтындай.
Ономастика деген тек жер-су, көше, ауыл атаулары ғана деген түсінік бар. Ал ол адам есімдерінен басталады, -дейді мәдениеттанушы Серік Ерғалиұлы.
Серік Ерғалиұлы, мәдениеттанушы:
Мысалы, Сыдық есімінің нұсқаларын қарасаңыз, қараңыз орысша куәлік алынады көбі. Қазақтардың 70 пайызы орысша алады. Мысалы, Сыдық, Сыдык, Сыдик, Сидик, адамға оқуға да, айтуға да ыңғайсыз. Мұның барлығын бір іздендіру меніңше бұл бірнеше аспектіне қамтиды, әрине. Әділет министрлігі қатысу керек. Тіл білімі институты қатысу керек. Керек болса, бұған Үкіметтің қаулысы керек, арнайы.
Ал Дихан Қамзабекұлы -біз кеңес кезінде жасаған қателікті тәуелсіздік жылдарында басқа қателікке алмастырып алдық,- дейді. Қазір адам қайтқанда оның есімін 5 жылдан соң жер-су атауларына беруге рұқсат етілген. Осыны 50 жылға дейін ұзарту керек,- дейді профессор. Өйткені бізде құрығы ұзындардың құзыреттерін пайдаланып, әке-шешесі, туған-туыстарының есімін әр көшеге жапсырып жатуы жиілеп кеткен.
Дихан Қамзабекұлы, Еуразия ұлттық университетінің проректоры, профессор:
Кісі атын жиі беруден қашуымыз керек. Себебі кісінің өзі салыстырмалы. Мысалы, Семей қаласында Қайрат Рысқұлбеков көшесі де бар, Қайратты жазалаған прокурордың да көшесі бар. Сонда не таным? Біз жастарға қалай үйретеміз, мына кісі өлді, мына кісі жазалады деп үйретеміз бе? Бұның бәрі тәуелсіздік жылдары жасалған қателік.
Бізде ономастика ғана емес, терминологияның да ақсап жатқаны белгілі. Қолдан жаңа сөз тудырып, бір терминді 3-4 рет бекіттік. Терминологиялық комиссия жұмысында кәсібилік жетіспейді,- дейді мамандар.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Терминологиялық комиссияның жұмысында бірізділік жоқ. Дом музей, 1998 жылы мұражай деді, 2014 жылы қайта музей қылып ауыстырдық. Күйсандық дедік, кейін қайта пианино дедік 2014 жылы. Әнұранды Гимн деп қайта ауыстырдық.
Ұққанымыз, бардан жоқ көп.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы,
профессор:
Терминдер
қорын жинақтау деген болады, онымен, жинақтаумен айналысып жатқан адамды көрген
жоқпыз. Тілімізде не бар, не жоқ екенін сонымен айналысып отырған адамдардың
өздері білмейді. Түгендеу, инвентаризация ол да жүргізілмейді. Сұрыптау ол да
жоқ, реттеу де жоқ. Ары қарай стандарттау атымен жоқ бізде.
Дегенмен, бұл комиссиялардың жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Жұмыс атқарылып жатқанына Астананың өзі айқын дәлел. Ұлы тұлғаларымыз бен қазақы жер-су атауларын Елорданың кез-келген көшесінен көруге болады. Сондықтан Астана тәжірибесін өзге қалаларға ұсынып жатқан мамандар тірлігі дұп-дұрыс.
Айгүл Әдепбай, Нұрлан Әлмұханбетов, Евгений Мутыль «Біздің уақыт».