$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Не ақша жоқ, не тауар жоқ, бірақ несие бар», - тұрғын

19.02.2024ж. 20:00
1035
«Не ақша жоқ, не тауар жоқ, бірақ несие бар», - тұрғын

«Адамнан айла артылмайды» деген сайын небір сұмдықты көретін болдық. Қаржы пирамидасы, онлайн саудагерлер жолда қалды. Енді нарыққа несиеге рәсімдеген затты ақшаға айырбастайтындар шықты. Желіде «обналичка істеймін» деген жазбаны сізде көрген боларсыз. Жарнама көп. Сәйкесінше сұраныс жоғары. Бұл әрекет қаншалықты заңды? Оларды кім қадағалайды? Аружан Задабектің материалы.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Алаяқтықтан көз ашпай қалдық. Қазір айлакерлердің тәсілі көп. Әсіресе қаржыға қатысты қылмыс көбейген. Беттің арын белге байлағандарға «істеп жатқаның - қате» деп қалсаң, өзіңе тап береді. Сауатың жоқ, өзіңнен кінә ізде дейді. Мұндайда қазақтың «заманың түлкі болса тазы боп шал» деген сөзі еріксіз еске түседі екен.

«Обналичка істеймін. Пайызы төмен. Ақшасын бірден саламын». Таныс сөз бе? Желіде осындай жарнама өріп жүр. Ақша айырбастау деген не? Алдымен осыған тоқталайық.Сізге шұғыл ақша керек делік, бірақ банк несие бермейді немесе үстемақысы тым жоғары. Мұндайда әлгі айлакерлер өз қызметін ұсынады. Сіз белгілі бір фирманың өнімін кредитке рәсімдегендей боласыз, бірақ қолыңызға тауарды емес теңгені аласыз. Бір сөзбен айтқанда, екі жақтан банкті алдайсыздар. Мұндай тәсіл жұртқа жақсы таныс.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бір-екі рет істеп көргенмін. 15 теңге бергенмін, 10 мың теңге алдым.
- Естігенмін, Бірақ алып көрген емеспін. Заңсыз ғой.
- Естігенмін, шығарамыз дегенін балалардан. Бірақ жасап көрмеппін.

Айлакерлерге не пайда дейсіз ғой?! Олардың тегін қызмет көрсетпесі анық. Әр ақшадан процент ұстайды. Сұраныс жоғары болған сайын пайызы өседі. Мәселен астаналық Мадияр Адамжан банктен тауарға деп 1 миллион 800 мың теңге алған. Желіден оны ақшаға айырбастайтын адам табады. Ол 600 мың теңгені қызмет құны ретінде алып қалатынын айтқан. Хош деп келіскенімен, әлгі алаяқ ақшаны бермей алдап кеткен.

Мадияр АДАМЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

База істемей жатыр деп 3-4 күнге созады. Сосын ол кісі номерден жоғалып кетеді. Хабарсыз. Менде өзімде бірінші рет сондай жағдай болып тұрғаннан кейін видео туралы мен тик-токқа саламын. Тик-тоқта жақсы қаралам жинайды. Сол жерде 12-14 адамдай жазады. Дәл сол кісіге алданып қалған.

Қазақстандағы әрбір банктің өз тұтынушысына берер жеңілдігі бар. Жылдың кез келген уақытында бөліп төлеуді рәсімдеу қолжетімді. Мұндайда делдалдар көбейеді. Былтыр үлкен шу болғаны есте. Нағыз бөліп төлеудің қайнап тұрған шағы. Жылына 2-3 рет келетін жұмадағы жеңілдікке бәрі тегін ақша таратып жатқандай жармасты. Олардың тең жартысы тауарын ақшаға айырбастауды көздеген. Соңында база жұмыс істемей, «обналичкаға» кеткен жұрттың ақшасы қайтпай қалды.

Жандос ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:

Банкпен жәбірленушінің арасында мәміле– заңды.Оны бұзу заң алдында мүмкін емес. Сол себепті құқығы бұзылған азамат ешқандай нәтижеге қолы жетпейді, егер де несиеден құтылғысы келген жағдайда, мен шынымен несие алған жоқпын деген жағдайда. Азамат біле тұра жалған мәміле жасайтын болса, сот азаматтың құқықтарын қорғаудан бас тартуы мүмкін деген заң бар.

Заңсыз әрекетке қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алаяқтың айласы анықталса 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.

KASPI.KZ:

Kaspi Red-тен ақша алуға болмайды. Kaspi Red тек Kaspi.kz-тің серіктестерінен немесе Kaspi.kz-тегі магазиннен зат сатып алуға арналған.

Қазақта «Айла білген кісілер, көзіңді байлап алдайды» деген мақал бар. Әзірге айлакерлерді ұстау қиын. Өйткені олар заңсыз әрекеті әшкере болмауы үшін түрлі тәсілді пайдаланады. Әркімнің жеке кәсіпкерлік құжатын жалға алып, қолданады. Алда тағы «жеңілдігі бар жұма» келе жатыр. Заңгерлер заңға қайшы әрекеттен аулақ болуға шақырады.