Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Шымкентте ауыз судан тапшылық көріп отырған тұрғындар бар

AstanaTV
10.01.2017ж. 20:00
2588
Шымкентте ауыз судан тапшылық көріп отырған тұрғындар бар

Шымкенттің іргесіндегі Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары әлі күнге ауыз судан тапшылық көріп отыр. Бұл аумаққа су жүйесі үш жыл бұрын тартылған. Бірақ халық қайырын көре алмай отыр. Мәселе қашан шешіледі? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Сейсенбі - Қайнарбұлақ саяжайы тұрғындары үшін маңызды күннің бірі. Ауыз су беріледі. Оның өзі үш-төрт сағатқа ғана. Сондықтан тұрғындар бар шаруасын ысырып қойып, түскі мезгілде үйлерінен табылуға тырысады.

Бибігүл Нәлтаева:

Жұмыстамыз. Бірде болады, алсақ, алып қаламыз, болмаған күні ала алмаймыз. Сосын жүреміз несін жасырамыз. Шындықты айту керек, су бер деп қиналамыз. Ағыз деп кейде жалынамыз.

Тұрғындардың айтуынша, саяжай құрылғалы бергі көрініс бұл. Жазды күндері аулада, сирек те болса, шүмекке су келеді. Ал қыстың күні көрген күніміз осы дейді. Оның өзі аязды күндері қатып қалады екен.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Тұрғындар ауыз суды мүмкіндігінше молынан толтырып алуға тырысады. Өйткені аптасына төрт күн ғана берілетін тіршілік нәрі мұнда енді тек бейсенбіде ғана ағады. Айта кетейін, Қайнарбұлақта мынадай қырықтан астам су торабы бар. Бірақ барлығы жекенің меншігінде.

Валентина Маликова:

Аптасына үш рет беріп жүр, қазір күн жылы болғасын. 3-4 сағаттың ішінде тасып алып үлгеруіміз керек. Өзім су тасуға мұршам бола бермейтіндіктен, 500 литр құйып алам.

Одақтың тұсында саяжай ретінде құрылған Қайнарбұлақ бүгінде тұрғылықты мекенге айналған. Жеті мыңнан астам түтін бар. Мұнда екі жыл бұрын облыс қазынасынан 1 млрд 513 млн теңгеге су жүйелері де тартылған-ды. Бірақ шарапатын әлі көрмедік - дейді жұрт.

Айымхан Тастанбекова:

Екі жылдан бері трубаны ойбай тез-тез қойыңдар-қойыңдар деді де, бәрін қойғызып алды да, су жоқ. Жүреміз сол шелегіміз бар ма, қасығымыз бар ма - соның бәрін сүйрелеп. Енді бұл қашан болады? Қашан нормально өмір сүре аламыз?!

Бақтыбек Әбуов:

Жаңа жылдың алдында қосты суды. Екі күн су болды да, одан кейін міне жеті-сегіз күн болды, су жоқ. Әлі берген жоқ. Бірақ Қайнарбұлаққа суды постоянно береміз деді. Әлі жоқ.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілінің айтуынша, елді мекенде жаңа жылдан бастап су беріле бастаған. Бұл суды ішіп отырғандар бар көрінеді.

Нұрлан Бектұрсынов, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда әр тұрғындарға дербес шот ашу жұмыстары жүргізілуде. Қайнарбұлақ бізде толық абоненттеу жұмыстары жүргізіліп, наурыз айына дейін толық сумен қамтылады. Қазіргі таңда жеті мыңнан астам абоненттердің 1100 абоненті су құбырына қосылып, қазір мемлекеттік жүйелерден су алуда.

Талайдан түйіні тарқамаған мәселе осылайша көктемнен қалмай шешімін табады. Шенділер халықты осылай деп сендіріп отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ