Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт сүріліп, орнына сауда орталығы салынып жатыр

AstanaTV
10.01.2017ж. 20:00
3707
Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт сүріліп, орнына сауда орталығы салынып жатыр

Алматыда қоқыс тарифі 40 пайызға, яғни 150 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Жаңа қоқыс өңдеу зауытын ашу жобасы құпталса, осылай болуы ықтимал. Ұсыныс мәслихатқа жолданған. Жоба дайын, тіпті жыл соңында ашу жоспарланған. Әзірге жоба құны қанша екені айтылмайды. Ал бұған дейін 28 миллион еуро жұмсалған қоқыс өңдеу зауыты құрдымға кеткен еді. Соған қарамастан, тағы осындай жоба қаржыландырылмақ. Ришат Асқарбекұлы тарқатады.

2007 жылы сол кезде Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен ашылған зауыт шаһар үшін бірегей жоба болатын. Жобаны «Казкоммерцбанк» қаржыландырып, ол алдағы 4-5 жылда өзін өзі ақтауы тиіс еді. Алайда Алматыға келген жаңа әкім қоқыс сұрыптау зауытына бөлінетін субсидияны тоқтатып, кәсіпорын тұралап қалды. Ғұмыры үш жылға ғана созылған зауыттың есігіне содан бері қара құлып ілінді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:


Осыдан 10 жыл бұрын Алматыда алаулатып-жалаулатып ашылған қоқыс өңдеу зауыты осында болатын. Жоба авторлары кәсіпорын толықтай жұмыс жасаса, Алматыдағы қоқыстың 80 пайызы қайта өңдеуге қауқарлы деп еді. Сол кездегі қаржатпен 28 млн еуро жұмсалған зауыттың орнына қазір мынадай сауда орталығы салынып жатыр.

Банк аумағы 4 гектар жерді ғимараттарымен қосып аукцион арқылы жеке кәсіпкерлерге сатқан. Ал кәсіпорынның испандық қымбат қондырғылары да сатылымға шығарылған. Аталған зауытты кепілпұл ретінде ұстап келген «Казком» жақында өз сайтында арнайы хабарландыру ілді.

Қуаттылығы жылына 450 000 тонна қатты қалдықты өңдеп, кәдеге жаратын қондырғы сатылады. Құрылғы заманауи технологиямен жабдықталған және экология мен қауіпсіздік талаптары сақталған. Оның құны - 1 млрд 637 млн теңге.

Алматыдан күніне 550 мың тонна қоқыс шығарылады. Оның 70 пайызын әкімдік жанындағы «Тәртіп» кәсіпорны жинайды. Енді қала билігі тағы бір қоқыс өңдеу зауытын ашқалы отыр. Ол үшін 7 гектар жер де бөлген. Инвесторлар жобасын жасап, құрылысын бастауға дайын. Бірақ оның тағы да тұралап қалмауы қарапайым тұтынушыларға байланысты болмақ.

Айбек Рахымов, «Тәртіп» АҚ басқарма төрағасы:


Бұрынғы зауыттар сияқты бұл зауыт та тоқтап қалмау үшін мемлекет тарапынан немесе тариф есебінен сұрыптауға қаржы бөлінуі керек. Ол қаржы бөлінбей, зауыттың жұмыс істеуі екіталай. Қайта өңдеуге тарифті көтеруге ұсыныс білдірдік. Ол осы жылы маслихатта қаралуы керек. Онсыз бұл зауыт та өмір сүре алмайды.

Қазір Алматыда қоқыс үшін әр тұрғынан 370 теңге жинап алынады. Егер жаңа зауыт жұмысын бастаса, бұл бағаға тағы 150 теңге қосылуы мүмкін. Қалада ресми 1 млн 800 адам тіркелген болса, олардың ай сайынғы табысы 270 миллион теңгені құрамақ. Жоба авторлары зауытта сұрыпталған әйнек, пластик және қағаздарды шикізат ретінде мамандандырылған зауыттарға сатып, пайда таппақшы. Кәсіпорын құрылысы наурыз айында басталса, зауыт жыл соңында іске қосылуы мүмкін. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ