$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Майқайың кентінде төтенше жағдай жарияланды

AstanaTV
25.02.2024ж. 12:00
734
Майқайың кентінде төтенше жағдай жарияланды

Қатып қалған су құбырын жылыту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов Майқайың кентіндегі диамтері 1020 миллиметр суық сумен жабдықтау құбырындағы ақауды жою бойынша жедел штабтың отырысын өткізді. 23 ақпанда Баянауыл ауданының әкімдігі ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында Майқайың кентінің аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады.

Жергілікті жерде жұмыстар жалғасуда. Барлығы 119 адам және 48 мамандандырылған техника жұмылдырылған.

– Мамандар құбырдың әрбір учаскесінде қатып қалу мен ауаның болуын тексеруде. Мұндай учаскелер анықталған кезде құбырды бу генераторларымен жылыту жүргізілуде. Жекелеген учаскелерде құбырдың айналасындағы топырақты көмірмен және ағаш шпалдармен жылыту жүргізілуде,– деді облыс әкімдігінде.

Майқайың кентіне су төмен қысымда берілуде. Тәулігіне орташа тұтыну көлемі 250 м3 құрайды. Резервуарларда тұрақты түрде тәуліктік су қоры бар. Резервуар тұрақты түрде толтырылуда. Бұл жұмыстарға 10 техника жұмылдырылған. Сумен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары толық жойылғанға дейін үздіксіз жүргізілетін болады.

Еске сала кетейік, 21 ақпанда Баянауыл ауданының Майқайың кентінде суық сумен жабдықтау құбырында ақау анықталды. Жағдайға байланысты жедел штаб ұйымдастырылған болатын.