Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алматы облысы Қараой ауылының тұрғындары жылуға жарымай отыр

26.02.2024ж. 20:00
226
Алматы облысы Қараой ауылының тұрғындары жылуға жарымай отыр

Алматы облысындағы Қараой ауылының тұрғындары қақаған суықта жылуға жарымай отыр. Газ пешінің қысымы төмен болғандықтан, жұрт не ас әзірлей алмай, не жылына алмай әлек. Ал газ тарататын компания өкілдері өздеріне шаң жуытар емес. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Тараптарды әріптесіміз Мөлдір Жақан тыңдады. 

Газдың машақатын тартып отырған жұрт бұл мәселенің соңғы екі жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтады. «Газ бар» дегеннің аты ғана болмаса, оның төмендеп кеткен қысымы ештеңеге жарамайтын көрінеді. Ал ол үшін тұрғындар айына 20.000 теңгеге дейін төлейді. «Ауаға кеткен ақша»,- деп күйінеді.

Құралай ТЫРНАБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Газ биыл вообще ни о чем ғой. Қып-қызыл болып жанып тұрады. Баяғыда 2 литрлік чайник 5 минутта қайнайтын, қазір 10 минутта қайнайды. Үйде вообще жылу жоқ. Сапасы төмен болғанымен, оның бағасы үлкен. Қатты суықтарда вообще газ болған жоқ. Бәрі комфоркаларды қосамыз, обогревательды қосамыз.

 Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жығылғанға жұдырық болғандай көктем де асығар емес. Күн әлі де қақап тұр. Суық әбден сүйектен өткен соң, тұрғындар амалсыздан көмір сатып алып, пеш жағып отыр. Ал қыруар қаражатқа орнатқан көгілдір отынның пайдасы болмай тұр.

Тұрдығазы Мұхамеджанов газ пешін бір жарым миллион теңгеге орнатқан. Қысымның құбыла бергеніне байланысты пештің де қайта-қайта істен шығатынын айтады. Оны жөндеу де арзан тұрмайды. «Әкімдіктен қайыр жоқ. Ал газ тарататын компания өкілдері тым кеш қимылдайды» деп ашынады ол.

Тұрдығазы МҰХАМЕДЖАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Әбден қысылтаяң кезде істейді бұлар. Сынып қалғанда. Алдын ала неге жасамайды? Фильтрдің өзін төрт күн қатарынан әр 15-20 минут сайын тазартып отырған уақытымыз болады. Солай жақтық. Соңында мастер келді. Ішіндегі насосқа дейін күйіп кетті. 50-60.000ға убытокқа отырдық. Сөйте берсек, мұндай газдың бізге керегі не? Қайтарып берсін газдың устанвокасын, пешіміздің ақшасының бәрін.

Тұрғындар газдың сапасы төмен, яғни, өте лас екенін жеткізді. Мұның қауіпті екенін айтып, алаңдаулы. Ал қоқысқа толып кете беретін газ жабдығы орналасқан пункттерден шыққан тозаң адам шошытады.

 Татьяна ШПАКОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Газдың өте лас екені түсінен ақ көрініп тұрады. Пешіміз өшіп қала береді. Бірақ жел шығып тұрады. Бұл қауіпті ғой. Газ бітсе, пеш те тоқтап қалатындай бәрінде автоматтандырылыған жүйе емес. Оған әрқайсының жағдайы жете бермейді. Амалсыздан күні бойы қырыққабат оранып, пешті аңдумен отырамыз.

Үйіліп қалған мәселелерді халық осылай тізбектей жөнелді. Алайда бүрсең қаққан қарашаның шағымын тыңдаған жергілікті атқамінерлер міз бақпады. «Бұл көп елдімекенге тән мәселе» деп қайырды.

Қайрат ОРТЫБАЕВ, ҚАРАОЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Өзіміздің әкімдік те газда отыр. Бізде қазір газ бар, давлениесі жақсы. Тұрғындардың бәрінде жоқ деп айта алмаймын. Мүмкін, кейбір үйлерде болуы мүмкін. Оны қарау керек, зерттеу керек, специалистер шақыру керек. Біздің ауылымыздағы ШРП-лардың біразы забиваться еткен. Тазалау кезінде мәселе туындады осы ауылдың ішінде. Енді оны компания өздері анықтап, шешіп бергенін талап етіп отырмыз бүгінгі таңда.

Сорақысы сол – «Алматыгазсервис-Холдинг» компаниясы өздеріне шаң жуытар емес. «Міндетімізді мінсіз орындап отырмыз»,- деп ақталды. «Ал газ қысымының төмен болу себебін тұрғындар өздерінен іздеуі керек» дейді. Тұрғындардың шақыртуын жауапсыз қалдырмаймыз деген мамандар бүгін төбе көрсетпеді.

Ерлан ТОЙЖАН, «АЛМАТЫГАЗСЕРВИС-ХОЛДИНГ» АҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Пешіңіз жанып тұр, тағы қандай проблема десек, менің үйім жылымайды дейді. Енді оның үйінің жылымауы системасы, мұржасы, стенасы, терезесі, есігі, потологы дұрыс емес болғанына біз, газовое хозяйство, кінәлі болмайды ғой. Біз газды өзіміз де сатып аламыз. Оған қоспа қоспаймыз.

Бүгінде ауылда 2000-ға жуық абонент газға қосылған. Қосылғанымен, одан пайда көрмей отырған тұрғындардың мәселесі әзір шешілмейтін сияқты.