Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Мен спортты дамытуға баса мән беремін", - Президент

26.02.2024ж. 20:30
453
"Мен спортты дамытуға баса мән беремін", - Президент

Өскемен өндірісі өркендеген өңір. Титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орында. Шығыс элиталық тұқым шаруашылығымен де мақтана алады. Майлы дақылдарға сұраныс артқан. Селекциялық жұмысты сауатты жүргізудің арқасында сүт өнімдерін мол алуда. Спортшылары да ел намысын абыроймен қорғап жүр. Президент Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Жетістіктерімен танысты. 

Мемлекет басшысы жұмыс сапарын Сәулелік терапия және диагностика орталығынан бастады. Мекеме жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда жыл сайын 3 мыңнан астам хирургиялық операция жасалады.

Ал бұл - «Өскемен титан-магний комбинаты». Кәсіпорын шикізат өндіруден бастап одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің бүкіл циклын қамтиды. Компания кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас комбинаттардың бірі саналады. Өндіріс құрылымы 5 негізгі және 6 қосалқы цехтан, сондай-ақ еншілес әрі бірлескен кәсіпорындардан тұрады. Өндірілген өнім АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан және Қытайға экспортталады. Алдағы он жылда комбинат жалпы сомасы 207 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл комбинат көптеген өлшем бойынша озық мекеме саналады. Заманауи құралдармен жабдықталған. Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орын алады. Еліміз үшін мұндай кәсіпорындар өте қажет. Жұмыстарыңыз табысты болсын.

Елімізде майлы дақылдарды егу көлемі жыл сайын 12-15 процентке артады. Сәйкесінше нарықтағы сұраныста жоғары. Бүгінде «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС күнбағыстың жаңа буданы, соя мен бидайдың сорттарын өндіреді. Дақыл Ресейдің 7 өлкесіне экспортталады. Сондай-ақ, шаруашылық сүт өнімдерін де шығарады. Тәулігіне 40 тонна ағарған өндіріліп, еліміздегі төрт сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологияларды пайдалана отырып, сүт өңдеумен және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын «Шығыс-Сүт» корпорациясының өндіріс алаңын аралады. Кәсіпорын 100-ден астам тауар түрін шығарады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздердің жұмыстарыңыз жайлы естігенмін. Оң баға беремін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, жоғары оқу орнының қызметімен танысты және оның базасында құрылған «Лу Бань шеберханасы» оқу орталығын аралады. Шеберхана - «Автомобильдердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады. Қазір мұнда 600-дей студент білімін арттыруда.

Қазақстанның жеңіл атлетикадан барлық қысқы чемпионаттары осы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өткізіледі. Қазір кешенде 713 жас өрен жаттығады. Олар былтыр 281 медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, 2015 жылдан бері спорт аренасында Ольга Рыпакова атындағы турнир өткізілуде. Аталған жарысқа World Athletics Continental Tour деңгейі берілген. Олимпиада чемпионы Мемлекет басшысынан турнирдің деңгейін көтеру үшін жеңіл атлетика манежінің жабындысын жаңартып, жүлде қорының сомасын арттыруды сұрады. Президент Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Спортпен айналысу керек, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Мен спортты дамытуға баса мән беремін. Баршаңыздың мықты спортшы болуларыңызға, қоғамның басқа да салаларында жетістікке жетулеріңізге тілектеспін. Басты міндет – еліміздің лайықты азаматы болу. Сіздерді мықты маман, Олимпиада чемпионы, спортта үлкен жетістікке жеткен бапкер жаттықтырады. Сондықтан үлгі алатын адамдарыңыз бар.

Жеңіл атлетикамен айналысып жүрген 10-сынып оқушысы Аружан Рамазанова Ольга Рыпакова сияқты даңқты спортшы болуды армандайтынын жеткізді. Ал кішкентай футболшы, 4-cынып оқушысы Альтаир Бақытұлы Президенттен жабық шағын футбол стадионын салып беруді өтінді.

Альтаир БАҚЫТҰЛЫ, ФУТБОЛШЫ:

Біз ұлттық құраманы қолдайтыныңызды білеміз. Футбол ойнауымыз үшін ауа райы кедергі келтіреді. Сол үшін жабық шағын футбол стадионын салып беруіңізді өтінемін.

Мемлекет басшысы Үстел теннисі орталығын аралады. Облыс әкіміне аталған мекеменің жағдайын ерекше бақылауда ұстауды және тәрбиеленушілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, орталыққа автобус сыйлап, жас спортшыларға табыс тіледі.