Ақтөбенің Шалқар ауданы Бершүгір ауылындағы ғасырлық тарихы бар туберкулезге қарсы шипажай үш жыл бұрын жабылып қалған. Онда еңбек ететін 50 қызметкер содан бері жұмыссыз отыр. Барлығы-жергілікті тұрғындар. Ауылдың халқы шипажайды қайта жаңғыртуды сұрайды. Жұмысы қайта жанданбаса да, ғимаратты тарихи мәдени мұра ретінде мемлекет қорғауға алса дейді.
Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бұл бір кездері Кеңес одағына әйгілі Бершүгір туберкулезге қарсы шипажайы болған. Мұнда мыңдаған адам сауықтырудан өтіп қымыз, шұбат ішіп ем алған. Қазіргі күні бұл жер қаңырап бос тұр.
Бершүгірдің табиғаты туберкулезді емдеуге өте қолайлы. Өйткені ауасы құрғақ. Қысы қатты, жазы өте ыстық. Бұл ғасырдан астам тарихы бар орында 1860 жылы Украина көпесінің жалғыз ұлы ем алған. Туберкулездің белсенді түріне шалдыққан бала шетел асып, Франция емделіп, ақыры дертінің шипасын осы жерден тапқан екен. Құлантаза айығып, еліне оралғанда дәрігерлер қайран қалыпты.
Ақжібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Қымыз шұбатты Шитірқыз деген совхоздан басқа бие ұстайтын ауылдан флягымен әкеліп свежий күйі ішкізетін еді.
Бірнеше жыл бұрын шипажайда жиырма шақты палата жөндеуден өткен. Бірақ 2021 жылы шипажай басшылықтың шешімімен жабылды. Мұнда отыз жылға жуық жұмыс істеген қызметкерлер жұмыссыз қалды. Олардың дені- көпбалалы аналар, отбасының жалғыз асыраушысы.
Әлияш ТОҒАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Бір күнде келді де шешім шығарып, ешкіммен ойласқан жоқ. Сөйтіп жауып тастады.Елу шақты адам жұмыссыз қалды. Барлығын жұмыспен қамтамасыз етеміз. Медиктер жұмыс тауып береміз, басқа кіші қызметкерлердің бәріне жұмыс тауып береміз деп еді. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Бәрі тентіреп жан-жаққа кетті.
Гүлжанат ЕСЕНАМАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің жанайқайымыз сол ғой. Не болды мынау. Тым жақсы ғасырдан астам тарихы бар нәрсені қимайсың. Жәдігер ғой. Бір нәрсе болып неге ашылмайды. Халыққа да жұмыс болар еді.
Мамандардың айтуынша, соңғы он жылда облыста туберкулезге шалдыққандар саны екі есе азайған. Сондықан кейінгі жылдары шипажайға сұраныс төмендеді.
Ерлан ІЛИЯСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Менің ойымша Бершүгір шипажайы - өзінің тарихи қызметін атқарған жер. Қазіргі кезде ол жердің материалдық техникалық базасы ескірген. Қазір бұл дертті емдеудің заманауи әдістері шықты. Қазіргі кезде бұл шипажай Темір ауданындағы диспансерге көшірілді. Сондай оңалтуды осы жерден алуға болады.
Қазір шипажай толықтай жергілікті биліктің меншігіне өткен. Тарихи ғимараттың алдағы тағдыры қалай болары әзірге белгісіз .