Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Қазақстандықтар мектеп оқулықтарын түзетуге қатыса алады

Қазақстандықтар мектеп оқулықтарын түзетуге қатыса алады

Қазақстандықтар енді мектеп оқулықтарын түзетуге қатыса алады. Бұған дейін кітаптардың сапасыздығы мен жүйесіздігі қанша рет айтылды. Алайда сын айтылғанымен мін түзеліп болмады. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі азаматтардың жаңа мектеп оқулықтарын талқылауға қатысуына жол ашты. Енді кез келген тұрғын оқулықтардың сапасын жақсартуға өз үлесін қоса алады.

Қоғамда айта, айта жауыр болған бір мәселе бар. Ол -оқулық сапасы. Қазір сырты да, іші де оңбай тұрған мектеп кітабы көп. Мазмұны да, сыртқы мұқабасы да сын көтермейді. Бұл мәселе қанша рет көтерілсе де, әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Оқулықтарды бірден орыс тілінен аудара салу сөзбе-сөз. Мамандар өздері баламасын немесе терминдерді дұрыстап қолданып аудару керек деп ойлаймын.
- Қателіктер кездеседі, болады. Балаларымыз сабақ оқып отырған кезде көреміз, байқаймыз, білеміз. Әлеуметтік желіде де жазып жатады.
- Кейбір оқулықтарды қайта басып шығару қажет. Себебі бұл мәселенің туындағанына бір жыл емес, бірнеше жыл уақыт өтті.

Оқулықтың сапасы жоғалып бара жатқанын тек ата-аналар емес Мұғалімдер де жиі көтереді. Оралдық ұстаз Тілекқабыл Нұрышев қазіргі көп оқулықтардағы тапсырмалар оқушының білім сапасын арттырмайтынын айтады.

Тілекқабыл НҰРЫШЕВ, №44 МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

Оқулық -ресурс емес, оқулық бала үшін, оқушы үшін, білім алушылар үшін бұл білімнің негізгі қайнар көзі. Сондықтан оқулықта ешқандай қате кетпеу керек. Білім берудің стандарттары бұл біздің оқушыларымызды жан-жақты дамыту, жан-жақты қырынан. Біз дамытып жатқан жоқпыз керісінше сөйлеу мәдениетін, ойын еркін жеткізуді шектеп жатырмыз, мына бағдарламамен.

Қазір жаңадан әзірленген мектеп кітаптарының мазмұнына қоғамдық талқылаулар жүріп жатыр. Оған ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері, әдіскерлер, ғалымдар, сондай-ақ оқулықтың сапасына бей-жай қарамайтын қоғамның әр мүшесі қатыса алады. Ақпан айының ортасында басталған талқылау 4 наурызға дейін жалғасады.

Мереке АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы сайтында оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері баяндау тілі мен безендірілуне қатысты қоғам мен ғылыми педогогикалық қауымдастық өкілдері сындарлы пікірлерін білдіре алады.

Талқылауға қатысу үшін арнайы порталға тіркеліп, оқулықтардың түпнұсқа-макеттерімен танысуға болады. Жаңадан әзірленген кітаптар сайтқа жүктелген. Әзірге онда 10-нан аса оқулық бар.

Атап айтқанда, 3-сыныптың "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Орыс тілі" мен орыс тілінде оқытатын мектептер үшін ағылшын және француз тілі жүктелген. Онда 3,9,11 сыныптарға арналған "Неміс тілі", сондай-ақ 5-9 сыныптардың "Жаһандық құзыреттілік" оқулығы қағаз нұсқада, 3-сыныпқа арналған "Цифрлық сауаттылық» пәні бойынша электронды оқулықтар дайын.

Бүгінгі күні бұл оқулықтар бойынша 109 пікір білдірілді. Күнделікті түскен ұсыныстар талданып, жинақталып жатыр. Қоғамдық талқылау аяқталған соң кітаптар баспаларға өңдеу үшін жіберіледі, дейді мамандар.