Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Астанада қоғамдық көлікпен жүру ақысы 110 теңге болуы мүмкін

27.02.2024ж. 20:00
304
Астанада қоғамдық көлікпен жүру ақысы 110 теңге болуы мүмкін

Астанада қоғамдық көлікпен жүру ақысы 110 теңгеге көтерілуі мүмкін. Оның бірнеше себебі бар. Бас қала басшысы осылай дейді. Қазір мәселе қоғамдық талқылауда.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Қалада мыңнан астам автобус бар. Негізі 1,5 млн халыққа қызмет көрсететін қоғамдық көлік саны 2 мыңнан асуы тиіс. Осы мәселені шешу үшін жолақыны көтеру көзделуде. Қазір көлікпен жүру ақысы-90 теңге. Оны төлеудің әр түрлі тәсілі қарастырылған.

Бағаға қатысты жұртшылықтың пікірі әртүрлі.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 90 дегеннің өзі қазіргі таңда қымбат. Мысалы бірнеше пересадкамен жүрсе егер адамдар қымбатқа шығады. 110 теңге болса одан да қымбат.
- Онда тұрған ештеңе жоқ. Потому что көбіне техникалардың бәрі бұзылып жатыр ғой. Сол себепті де может новый техника алу керек.
- Өте қарсымын. Ары бері жүрген бірнеше автобусқа отырғанда бір 500 теңге кетеді. 500 теңге екі булка нан алуға болады.

Қазіргі жолақы құны осыдан 10 жыл бұрын енгізілген. Яғни, оны өзгерту -уақыт талабы. Жыл сайын бензиннің, дизельдің бағасы өседі. Жүргізушілердің жалақысы қазір 500 мың теңгеге жеткен.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:

Бір жолаушының жүру ақысы, егер электроавтобус болса, 400-500 теңгені, газ не дизельмен жүретін автобус болса, 240-400 теңгені құрайды, яғни әкімдік әр азамат үшін 200 теңге қосымша төлеп отыр. Меніңше, 110 теңге – бұл 7-10 жыл бұрын көтерілуі тиіс баға. Біріншіден, 10 жыл бұрынғы тариф қазір өзекті емес, сондықтан мұндай қадамға баруға мәжбүрміз.

Елордада қоғамдық көліктердің проблемасы таусылар емес. Олжас Бектеновтың айтуынша, жақын маңайдағы ауыл тұрғындарының қалаға қатынауы қиындық тудыруда.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қоғамдық көлік проблемалары бар. Қазір іргелес елдімекендерде адамдар ары бері көп жүреді.

Олқылықты жою үшін биыл қалаға 300 автобус сатып алынбақ. 15-20 бағыт бойынша жаңа маршруттар ашылады. Оның 25 пайызы — агломерацияға баратын көлік дәлізі.