Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Жарық дүниеге қайта келгендей болған жандар донорларға алғыс айтады

28.02.2024ж. 20:00
375
Жарық дүниеге қайта келгендей болған жандар донорларға алғыс айтады

Алматыда қызы анасына, ал әпкесі сіңлісіне екінші өмір сыйлады. Жарық дүниеге қайта келгендей болған жандар донорларға алғыс айтады. Мейірімділік пен махаббаттың жаршысы болған мереке – Алғыс айту күні қарсаңында бір ағзаны тең бөліскендермен аймақтағы тілшіміз тілдесті.

Әтіркүл Есанқызы - көпбалалы ана, ұлағатты ұстаз. «Биыл өмірге қайта келгендей болдым»,- дейді. Осыдан 7 жыл бұрын оған бауыр циррозы диагнозы қойылған. Қажетті ем-домды алғанымен, жағдайы күн санап нашарлай беріпті. Ақыры Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына табан тіреп, бауыр алмастыруға бел байлады. Ал донор – өзінің кенже қызы. Бір апта бұрын күрделі отадан шыққан әйелдің жүрісі тың. «Егде жасқа келгенде осындай сынақтан қиындықсыз өтуім дәрігерлердің арқасында» дейді ол.

Әтіркүл ЕСАНҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен «Керегі жоқ, Құдайдың берген өмірін сүремін, сендерді инвалид жасамайын» дедім. Бала – шағам қоймады «Сіз өмір сыйлағанда, бауырымызды сыйламай не болыпты» деп. Бәрі келісіп алып келді. Бәріміз тапсырдық. Осы кіші қызымдікі дұрыс келді. Бәрі жақсы шықты Аллаға шүкір. Ақ халатты абзал жандар қызымыз екеумізді қайта дүниеге алып келген деп есептеймін. Осыларға үлкен, шексіз алғысымды айтамын.

Ал 33 жастағы Гауһар Құлшаева туған әпкесінің арқасында қайта дүниеге келіпті. Бір ай бұрын әпкесі оған өз бауырының 60 процентін берген. Қатар өскен әпкелі-сіңлілер қазір дәрігерлердің бақылауында.

Гауһар ҚҰЛШАЕВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Бауырды ауыстыру керек» деген кезде, ол мен беремін» деп сразу айтқан. Тексеріліп, тура түсті. Шүкір, қазір жақсымын. Әпкеме алғысымды білдіремін. Ешкімнің қолынан келе бермейді. Өзінің органын біреуге беру деген оңай емес. Осы жердегі докторларға да алғысымды білдіремін өмір сыйлап, қайта қалпыма келтіргеніне.

Мереке қарсаңында дүйім жұрт біріне-бірі жылы лебізін білдіріп, алғыстарын жаудыруда.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Ең алдымен ата-анама, содан соң достарыма алғыс білдіремін.
- Ата-ана, бауырларымызға, жақын жаңдарымызға, мұғалімдерімізге сабақ берген.
- Жолдасыма, балаларыма алғыс айтамын. Рақмет бәріне.
- Барша қазақ еліне, жалпы осы елімізде бейбіт аспан астында, ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымызға алғыс айтамыз.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

 Иә, біреудің шынайы алғысына бөленіп, басқаға да ықылас-ниетін жеткізе алу да- бір бақыт. Халқымыздың «Алғыс алған арымас» деген дана сөзі осының белгісі болса керек. Осы орайда мен де өзімнің туған-туыс, дос-жарандарыма және, әрине, анашыма шексіз алғысымды білдіргім келеді.