Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қазақстанда 23 мыңнан аса ҮЕҰ бар

Қазақстанда 23 мыңнан аса ҮЕҰ бар

Астана қаласындағы Үкіметтік емес ұйым мүшелері бас қосты. Ұйымдардың қоғамдағы беделі мен имиджін арттыру мақсатында өткен жиынға консультативтік кеңес мүшелері, сарапшылар мен белсенділер де қатысты. Жиында Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.

Елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар, оның 18 мыңы белсенді жұмыс істейді. Ал елордада тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны - 3492, оның мыңға жуығы белсенді болып табылады.

Бану НҰРҒАЗИЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы жиынға қатысып отырған барлық ұйым қоғамда өз орнын алып үлгерді. Әрқайсыңыз нақты шаралармен айналысып келесіздер. Ең алдымен өз аймақтарыңыздың дамуына үлес қосып жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да өз мақсатымыз бойынша игі істер атқара береміз деп үміттенемін.

ҮЕҰ гендерлік теңдікті, отбасылық құндылықтарды, денсаулық мәселелерін, экологияны, құқық қорғау ұйымдарын, волонтерлік қозғалысты қолдауды және жануарларды қорғауды насихаттайтын 19 бағытта жұмыс істейді. Ал «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысы жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде. Қазір оның қатарында 3 мыңға жуық жасөспірім бар. Жас тәрбиеленушілер 5 бағыт бойынша тәлім алуда.

Асхат НАЛШЫБЕК, «ЖАС САРБАЗ» ӘСКЕРИ ПАТРИОТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БІРЛЕСТІГІ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біріншісі спорттық бағыт, екіншісі интелектуалдық бағыт, үшінші ІТ саласы және әскери техникамен, әскери әдістемелік оқыту бағытында, сонымен қатар бізде интеллектуалдық бағытта жұмыс жасап келе жатырмыз. Қазіргі уақытта өсіп келе жатқан жасөспірім мен жастардың әскери көзқарасы да өзгеріп келе жатыр.

Астаналық ҮЕҰ-дар да түрлі бағытта әлеуметтік жобаларды іске асырып жүр. Жыл өткен сайын жобалар саны артып келеді дейді, мамандар.

Айдана ХАМЗАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Әкімдіктің тарапынан ҮЕҰ-мен байланысу механизмі ретінде мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс атқарылып жатыр. Алдыңғы жылы 35-тен аса жоба жүзеге асырылған болса, биыл 54 жоба жоспарланған. Сонымен қатар сол жобалардың ішінде бізде ұзақ мерзімді 3 жылдық жобалар бар.

Жиын соңында белсенді әрекет етіп жүрген бірқатар Үкіметтік емес ұйым өкілдері Алғыс хатпен марапатталды.