Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

"Қарызсыз қоғам": Жыл басынан бері 15 мың қазақстандық оқу курсынан өтті

"Қарызсыз қоғам": Жыл басынан бері 15 мың қазақстандық оқу курсынан өтті

«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысқан 100-ден астам әйел елордада бас қосты. «AMANAT» партиясы ұйымдастырған әйелдер форумына еліміздің түкпір-түкпірінен нәзік жандылар жиналды. Олар форум барысында қарыздан құтылудың, отбасы табысын арттырудың тәжірибесімен бөлісті. Былтыр жобаға қатысып, биыл жеке кәсібін бастаған жандар -өзгелерге үлгі. Ауқымды шараға «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысты. 

Маңғыстаулық Асылтас Қуатбаева «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысқанға дейін жалақысының жартысын қарыз қайтаруға жұмсап келген. Сол уақытта көпбалалы отбасы қаржылық қиындықтарға тап болған. Былтыр жобаның оқу курсын аяқтап, қазір отбасылық кәсібін дөңгелетіп отыр. Айына 650 мың теңге табыс тауып, қарызының көп бөлігінен құтылған.

 Асылтас ҚУАТБАЕВА, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

2023 жылы маусым айында «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, сол жобаның аясында мемлекеттен қайтарымсыз 5 млн. Теңге грантын ұтып алдық. Қазіргі таңда Кеукеновтер отбасының «Адал-Ас» брендін іске қосып жатырмыз. Біз мал еттерінен шұжық түрлері, сосиска түрлерін дайындаймыз.

Ал Рахима Тастанова форумға Жамбыл облысынан келген. Ол есік алдындағы 10 соттық жеріне құлпынай, малина егіп, ауыл тұрғындарына сатып отыр. Енді егіс алқабын бір гектарға үлкейтіп, кәсібін кеңейтпек.

Рахима ТАСТАНОВА «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Жеріміз құнарлы, кішкене кәсібімді бастап едім, дөңгеленіп кетті. Сол кәсіпті үлкейтіп, басқа адамдарға да үйретіп, мені ауылдағы кісілердің барлығы күтіп отыр. Осы форумға келіп, көп нәрсені үйреніп, соларға бағыт-бағдар беріп, үйретуге әрдайым дайынмын.

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президент ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесіне бірнеше рет назар аударғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленуде. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «қаржылық мәдениет» қалыптастыру қажет.

Ерлан ҚОШАНОВ,  ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «АМАNАТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Партия бұны атақ-даңқ үшін жасап отырған жоқ. Біз жағдайды жан дүниемізбен сезінеміз. Отандастарымызға мүмкіндігінше қол үшын созуға әрекет жасап жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы да халыққа жолдауында жобаны кеңейтуді тапсырды. Біз үкіметпен ұлттық банкпен, құзырлы органдармен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын жалпы халықтық деңгейге шығарып жатырмыз.

«Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруға биыл 9 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысуда. Жыл басынан бері жоба арқылы 15 мың қазақстандық қаржылық сауатын арттырып, оқыту курсынан өтті. Биыл еліміздің барлық өңірінде 200 мың адам табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Жалпы жоба аясында 750 мың адам қамтылады.