$482.86 €533.17 ₽5.08
×

Атырауда жолаушылар тасымалы қызметіне 176 автобус жетпейді

AstanaTV
13.01.2017ж. 20:00
4589
Атырауда жолаушылар тасымалы қызметіне 176 автобус жетпейді

Атыраудағы жолаушылар тасымалы қызметі шатқаяқтап тұр. Шаһарда 180-ге тарта қоғамдық көлік жетіспейді. Салдарынан қалалықтар мен қонақтар аялдамада сарылып тұруға мәжбүр. Тасымалдаушы компания басшылығы үкімет субсидия бермесе, жағдай жақсармайтынын ашық айтты.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Таңертеңгі, түскі және кешкі қауырт мезгілдерде жолаушылар автобустарға таласып мінуге мәжбүр. Өйткені бірінен қалып қойса, екіншісін біраз уақыт күтуге тура келеді. Негізі бір бағыттағы жолаушы тасымалында кем дегенде 20 автобус жүру керек,- дейді мамандар. Бірақ Атырауда бір бағытта 12-13 автобус қана қызмет етеді.

Сабақтан шыққан оқушылар да аялдамада сағаттап тұрғысы жоқ. Сондықтан автобусты көріп қалса, жүгіреді. Күндегі жағдай - осы.  Аязды күндері бала түгілі үлкендерге діттеген жеріне жету - мұң.  Қаладағы қоғамдық көліктің жүруі тым сирек,- дейді тұрғындар.

Жұмазия Жаханова:

Жарты сағат күтеміз, кей кезде жарты сағаттан да көп күтеміз. Кейде жұмыстан кешігіп қалатын уақыттар да болады.  Кей кезде таксимен баратын күндер болады, себебі автобустар жүрмейді біздерде кей кездерде.

Шаһардағы 30 бағыттағы маршрутқа 8 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. Тәулігіне 350-ге тарта автобус жолаушы тасымалдайды. Алайда, бұл жеткіліксіз. Оны жергілікті билік те мойындап отыр.

Қуантай Қалман, Атырау қалалық ТҮКШ, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

Қалада шамамен 176 автобус жетіспейді. Қазір автобустарды сатып алу үшін тасымалдаушы компанияларды субсидиялау мәселесін қарастырып жатырмыз. Егер осы жыл ішінде бұл мәселе шешілсе, қаладағы жолаушылар тасымалының 60 пайызына қызмет көрсететін «Айс Транс Холдинг» мекемесіне үлкен 30 автобус сатып алуды міндеттейміз.  Сондықтан алдымен субсидиялау мәселесін шешуіміз керек.

АйсТрансХолдинг» мекемесі де үкіметтің субсидиясын асыға күтіп отыр. Бірақ алдымен автобус сатып алу үшін емес, қордаланған қарыздан құтылу үшін.

Мақсот Сүйінов, «Айс Транс Холдинг»ЖШС директоры:


Дизтопливоның өзіне қазір 18 млн күні бүгінге қарызбыз.  Қазіргі жағдайда қайта-қайта ауызша да, хаттай түрде де ескертуде. Біздің қазір төлейтін ақшамыз болмай отыр.  Қалалық әкімшілікке, ЖКХ-ға  барлығына күнделікті хатпен ескертіп отырмыз. Осы аптаның ішінде олар бізді тұрғызып қоюы да мүмкін. Общий суммасын алсақ, 35 млн бүгін «Айс транс холдинг» мекемесінің басқа мекемелерге қарызы бар.

Мақсот Сүйіновтің айтуынша, қоғамдық көлікте тегін және жеңілдікпен жүретін халықтың әлсіз топтары үшін бұған дейін мемлекет бір тиын да төлемеген. Оның үстіне арнайы есеп бойынша, автобус өз-өзін ақтау үшін жолақы кем дегенде 130 теңге болуы керек,- дейді. Соңғы жылдары тасымалдаушы компания қызметкерлерінің де жалақысын өсірмепті. Сондықтан 80 жүргізушінің орны бос тұр. Аулада  желіге шықпаған көліктер де жетерлік.  Егер тез арада субсидия берілмесе, жолаушылар тасымалының жағдайы жақсармақ емес. Ал жолаушыларға аялдамада біраз дірдектеп күтіп тұруға тура келеді.