9-класс оқушысы Қарақат Жұмажанқызын көлігімен қағып, мүгедек қылған оралдық жүргізушіге берілген жаза тым жұмсақ! Батыс Қазақстан облыстық аппеляциялық соты марихуана шегіп, рөлге отырған жүргізушіні қамау туралы шешім шығарды. Бұған дейін оған небары 1,5 жылға шартты жаза берілген еді. Істі қараған судья оның үлгілі қызметкер екенін әрі бұрын істі болмағанын ескеріпті. Бұған келіспеген оқушының ата-анасы сотқа қайта шағымданып, арыз түсірді. Бүгінгі аппеляциялық сот отырысында алғашқы үкім қайта өзгертіліп, айыпталушы 1 жыл алты айға сотталды. Бұған қоса ол көлік жүргізу құқығынан 10 жылға айрылып, жәбірленушіге 10 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.
Айвар БИЖАНОВ ОБЛЫСТЫҚ СОТ СУДЬЯСЫ:
Сотталушы есірткі шегіп, көлік рөліне мас күйінде отырған. Осылайша өзгелердің өміріне қауіп төндірген. Соның кесірінен оқушы қыз ауыр жараланды. Жағдайы әлі ауыр. Айыпталушыға міндеттелген өтемақы оны емдеуге жеткіліксіз әрі үкім тым жұмсақ болды. Осыны ескеріп, үкімді қайта өзгерттім.
Жәбірленуші Қарақаттың тілсіз, қимылсыз жатқанына бүгінде жарты жылға жуықтады. Көлік дөңгелегінің астында қалған оның миы мен ішкі мүшелері зақымданып, қол-аяғы бірнеше жерден сынған. Тілге келмеген қызды анасы күн сайын дәрінің күшімен ұйықтатуға мәжбүр. Дәрігерлердің айтуынша, реабилитацияның өзіне кемі 5-6 жыл керек.
Дина МУСИНА ҚАРАҚАТТЫҢ АНАСЫ:
Ол кісіге көлікке отырғанда жауапкершілікпен отыру керек еді. Қызым сабаққа бармай қалды, ұйқысыз, ұйқысы тыныш емес, дәрісіз ұйықтай алмайды. Сот әділ өтті, облыстық сот тиісті үкімін шығарды. Үлкен рақмет айтам. Ең бастысы Қарақатым тәуір болып кетсін!