Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылжарда тұрғындар үшін 242 эвакуациялық бекет әзірленді

12.03.2024ж. 20:00
300
Қызылжарда тұрғындар үшін 242 эвакуациялық бекет әзірленді

Қызылжарда биыл қар қалың. Коммуналдық қызмет мамандары көшелерді тазалап үлгермей жатыр. Ал тұрғындар қар ерісе, айналаны су басады деп алаңдайды. Өңірде тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. Төтенше жағдай болса, халық үшін 242 эвакуациялық бекет әзірленген.

Биыл 180 мм мөлшерінде жауын-шашын түскен. Бұл қалыпты жағдайдан екі есе көп. Коммуналдық қызметтер қала көшелерінен қарды тәулік бойы шығарып жатыр. Алайда, ұзын-сонар кезекке қаланың кейбір аудандары ілікпей қалған. Мәселен, Ойқала шағын ауданының тұрғындары жыл басынан бастап қар мүлде шығарылмаған деп шағымданды.

Леонид ДЕНИСЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Биылғы қыста біздің көшеде мен бір техниканы көрген жоқпын. Коммуналдық қызметтер бізге мүлде назар аудармай кетті. Енді ақұлпаны өзіміз шығарамыз десек, оған да рұқсат жоқ. Кеше жүк көлігін жалдап, ауладағы қарды арнайы полигонға апармақшы болдық. Бірақ көлікті кіргізбей қайтарып жіберіпті. Есіл өзенінің маңына төгейік десек, құзырлы органдар айыппұл саламыз дейді.

Қалада көше тазалау жұмыстарына 200-ден астам техника жұмылдырылған. Қыс басталғалы 1 миллионға жуық текше метр қар шығарылды. Алайда оны сыртқа төгудің өзіндік ережесі бар көрінеді. Тұрғындар сол талапты орындауы тиіс, дейді әкімдік өкілдері.

Әсем АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қала тұрғындарына және бизнес субьектілері үшін дамбадағы полигонға қар шығару қарастырылған. Ол үшін олар әкімдікке келіп, қандай техникамен қар шығаратыны жайлы ақпарат беру керек. Содан кейін олар полигонға кедергісіз өте алады.

Ал тасқынның алдын алу шараларына білек сыбана кіріскен құтқарушылар қызыл суға төтеп беруге сақадай саймыз дейді. Төтенше жағдай қызметкерлері қоймада тоғыз мың тонна инертті материал әзірлеп, жүздеген техникасын дайындап қойған.

Әсет ШАЙКИН, СҚО ТЖД ХАБАРЛАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Биылғы тасқын тұрақты болады деп болжамдап отырмыз. Қазір өзен жағасында орналасқан 87 ауылға қауіп бар. Онда бес мыңға жуық адам тұрады. Біз олар үшін 242 эвакуациялық бекетті дайындап қойдық. Сергеев су қоймасында судың көлемі 87 пайызға толық. Олар да қызыл суды қарсы алуға дайын.

Көктем келсе де, солтүстікте әзірге сынап бағанасы минустан жоғары көтерілген емес. Синоптиктер келесі аптада күн жылынады деп отыр. Ал төтенше жағдай мамандары тасқынның алғашқы толқыны сәуірде басталады деп болжауда.