Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Алматы облысы Қызылшарық ауылында 9 көшенің тұрғындары жол азабын тартып отыр

AstanaTV
12.03.2024ж. 20:00
314
Алматы облысы Қызылшарық ауылында 9 көшенің тұрғындары жол азабын тартып отыр

Алматы облысының Қызылшарық ауылындағы 9 көшенің 500 тұрғыны бірнеше жылдан бері жол мен ауыз су азабын тартып келеді. Жауын жауса, көшемен адам түгілі көлік әрең жүреді. Ал жедел жәрдем мүлдем келмейтін көрінеді. Халық бұл мәселелерді айтып, құзырлыларға талай шағымданған. Бірақ, ешкім құлақ аспаған.

Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көшелердің бірде-бірінде жол жоқ. Халық ауыз суға да жарымай отыр. Бұл мәселелердің шешілмей келе жатқанына биыл он бес жыл. Қара балшықтан бес қадам аяқ алып жүрудің өзі мұң. Ал мұндағы халықтың күнделікті кешкен күйі осы.

Жақында 11 жасар бала балшықтан тайып, аяғын сындырып алыпты. Оны ауруханаға жеткізу де оңай болмаған.

Әлімғазы САҒЫМБЕК, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Баламның аяғы сынып жатқанда мен таксишілерге звондадым. Таксишілер «қай жердесің» дейді, 33-теміз десек, «жоқ біз бара алмаймыз, балаңды осы жерге алып кел» дейді. Анау машина баратын жерге иығыма асып алып баламды алып шықтым. Апарып баламның аяғын таңдырып келдім. Қазір балам үйде жатыр, сабаққа бармағалы 20 күн болды.

Бұл ауылдың шетіндегі 33 гектар жер болғандықтан, тұрғындар өзара 33 деп атап кеткен. 100-ге жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Жолдың жоқтығы тұрғындарды әбден титықтатқан. Балалар мектепке жеткенше үш аяқ киім, екі мектеп формасын ауыстыратын көрінеді.

Өміржан РАИСОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Менің алты балам бар. Кей күндері сабаққа бара алмай қалды. Мына жерден шыға алмай қалады. Күніне 3-4 аяқ киім ауыстырамыз. Үйден шығады, біраз жүреді де батады да қалады.

Мұнда жедел жәрдем көлігі де келмейді. Ауырсаң жағдай қиын.

Қамыржан ӘЛЕНҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жақын күнде немереміз аяқастынан соқыршек болды ма, оны өзіміз білмейміз, скорый шақырттық. Скорый шақырсақ олар айтады, «қай жерде» деп. Уже бізді біліп алған, 33 болса жолға шығарып тұрыңыздар дейді. Не скорый шыға алмайды. Ақыры жолға алып шықтық, скорый мына жерде тығылып қалды. Больницаға өзіміз алып бардық.

Халықты ашындырған екінші мәселе- ауыз судың жоқтығы. Үйді үйге келіп тұрмағандықтан, кейде көрші-қолаңның мал-жаны қосылып, үш-төрт отбасы бір құбырдан су ішетін кездері жиі болады екен.

Әсем БЕЙСЕҚАН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Міне, басына барса аяғына жетпейді. Ана үйге тартса, мына үйге тартпайды. Өз күшімізбен ақша төлеп, ана үй, мына үйге тарттырып алғанбыз ол суды.

Ауыл әкімінің орынбасары қазір мұнда 40 шақты ғана үй барын, жол мен су мәселесін шешу үшін тұрғындар бұл жердің кем дегенде 50 пайызын толтыру керек дейді. Және жол салынуы үшін бірінші су тартылуы қажет, ал су құбырын жүргізуге сметалық құжаттар ауданға жолданған.

Бейбіт ҚОЖАНБАЙҰЛЫ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда 1 мдрд 200 млн-ға жуық ұсынысымыз былтырғы бюджетке кірмей қалған мәселелерді осы наурыз айының аяғы, сәуір айының басындағы мәслихат сессиясына ұсынатын боламыз.

Қаражат бөлінсе, мәселе шешіледі. Жауаптының жауабы - осы. Ал тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.