$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағанды облысында “Жер аманаты” жобасының аясында 1 млн гектардан астам жер ел игілігіне берілген

14.03.2024ж. 20:00
541
Қарағанды облысында “Жер аманаты” жобасының аясында 1 млн гектардан астам жер ел игілігіне берілген

Қарағанды облысында “Жер аманаты” жобасының аясында соңғы екі жылда 1 млн гектар жер ел игілігіне берілген. Халыққа қайтарылған алқаптар енді қурап бос жатпайды. Мал өсіруге несие алып, өз ауылдарын көркейтемін деген жас кәсіпкерлерге берілуде. Шаруалар көктемнен бастап егін егіп, шабындыққа айналдырмақшы.

Мұхтар Кәденов - Шет ауданына қарасты Өспен ауылының тұрғыны. Туған жерінде мал өсіріп, өз өлкесін көркейтемін деген ниетпен “Бекарыс” шаруа қожалығын ашқан. Бүгінде 100-ден астам жылқы, сиыр мен қойы бар. Жылдар бойы шаруасын кеңейтуге жер таршылық еткен еді. Өткен жылы 20 гектар жерге ие болғалы болашаққа сенімі арта түскен. Енді ол алқапты шабындыққа айналдырмақшы.

Мұхтар КӘДЕНОВ, КӘСІПКЕР:

“Шабындық жерім жоқ еді, соған аудандық “Amanat” партиясының филиалына барып көріп едім ондағы жігіттер маған жер алу жолын көрсетіп содан мен жер алдым. Мен сияқты ала алмай жүрген жігіттер қазір көп ауылда. Малы бар, жері жоқ адамдар көп. Жері бар адамдар көшіп кеткен. Жерлері атында тұр, өздері жоқ. Соларды қайтарып біз сияөты адамдарға берсе екен деп ойлаймын”.

Ауыл кәсіпкеріне мүмкіндік берген - “Жер аманаты” жобасы. Бағдарлама 2022 жылы пилоттық жоба ретінде Қарағанды облысының Нұра ауданынан басталған еді. Нәтижесінде 2 жылда 1 млн гектардан астам жер ел игілігіне берілді. "Жер аманаты” Ақтоғай, Шет аудандарында сәтті орындалды.

Бауыржан БАДАНОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ШЕТ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

“Былтырғы жылы комиссия отырысының қорытындысы бойынша 3 азамат жерді алған болатын. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірлесіп былтырғы жылы Шет ауданы бойынша 116 мың гектар жер қайтарылған болатын”

Ал биыл 500 мың гектардан астам жер қайтарылған. Бүгінде өздері пайдаланбауымен қоймай өзгелерге беруге қимай отырғандар да бар. Әсіресе Бұқар жырау, Осакаров аудандарында ондай аумақтар көп.

Нұрсұлтан ШӘМЕНОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ САЯСИ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

“Сот арқылы” арқылы қайтарылған және жер пайдаланушылар өз еркімен қайтарылған жерлер де бар. Жалпы бұл ел игілігіне өте жақсы жоба деп айтсам болады. Талай жылдар жерді алып алып пайдалана алмай тек қана ие болып отырған қаншама отандастарымыз бар, сол отандастарымыздан жерді алып шынайы шаруамен айналысатын шынайы пайдаланатын адамдарға беріліп отыр”.

Бос жатқан жерлерді әсіресе ауылда шағын несие алып, мал басын көбейтуге ниетті жас шаруалар мен қорадағы төрт түлігін жаюға жайылым таппай жүрген халыққа беру - басты мақсат. Ол үшін әлі жүздеген гектарды қайтарып алу қажет.