Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Қызылорда іргесіндегі ауылда жол, су мен жарық жоқ

AstanaTV
18.01.2017ж. 20:00
4231
Қызылорда іргесіндегі ауылда жол, су мен жарық жоқ

Жергілікті өзін өзі басқару заңы қабылданса, шарапатын көрер едік деп үміттеніп отырған ауылдар баршылық. Солардың бірі - Қызылорда іргесіндегі Еңбек Ері Жақыпбек Маханбетов атындағы ауыл. Мұнадағы халық ауыз су мен жарыққа зәру. Жол тартылмаған, тіпті кей көшелерде жарық та жоқ. Шахарға тиіп тұрған ауылдан жер телімін алып, үй салып жатқандар көп. Соңғы бір жылда 300-ге жуық отбасы қоныстанған. Өркениеттен тыс қалдық деп налыған тұрғындар біздің арнамызға шағымданды.

Мұнда көпшілікті қызықтыратын таза ауа, керемет табиғат пен тыныштық бар. Зәулім үйлер де бой көтерген. Бірақ бұл ауыл бейнесінің бер жағы ғана. Тозығы жеткен жол жаяу жүргіншіні де, көліктерді де әуре-сарсаңға салады.

Камал Жұқаев, ауыл тұрғыны:

Бүгін қайта қатқан болып тұр жер. Әйтпесе мына жерден адам жүре алмайды. Оқушы балалар келеді де аяқ-киіміне, келіншектер, адамдар мынау жерге дейін пакетпен киіп келеді.

Гүлістан Маданова, ауыл тұрғыны:

Жедел көмек шақырғанда, өте қиын, келе алмайды. Балдарымыз ауырса, бері қарай жақындатыңыздар дейді.

Ауылдың іргесі қаланғанына 80 жылға жуықтаған. Тек соңғы жылдары ғана жаңадан 13 көше қосылды. Оның әрқайсысында кем дегенде жиырма үйден орналасқан. Халық осы уақытқа дейін ауыз су мәселесі шешімін таппай келе жатқанын айтты. Ауылда осы көшелерге арналған бір ғана баспа құдық бар. Оның суы жетпегендіктен, көпшілігі тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр.

Шолпан Мүнкеева, ауыл тұрғыны:

Суды біз бір тонналық ыдысқа тоннасын аптасына екі рет, үш рет құйсаң, әр тоннасын біз мың теңгеге сатып алып отырмыз. Кеше водовозымыз келмеген кезде мың үш жүзден центрден водовоз шақыртып, су құйғыздық.

Ал мына көшелерге электр желісі тартылмапты. Оған бас қатырған ешкім жоқ. Тұрғындар, қауіпсіздікті елемей, үйлерді өз бетінше жарыққа қосып алған.

Оңталап Асымханов, ауыл тұрғыны:

Әркім өзінше жекеменшік өзі былайынша сыммен тартып жатыр. Столбы жоқ, бақан тартып, қатты жел болса, құлап қалады. Біреу тоққа түседі ме деп қорқамыз.

Қордаланған мәселелерді жергілікті шенділер біледі. Округ әкімінің айтуынша, 2017-18 жылдары осы аумақтарға су құбыры мен электр бағаналарын тарту жоспарланған.

Ақарыс Нұрсейітов, Ақсуат ауылдық округінің әкімі:

Жобалық-сметалық құжаттарын дайындадық. Алдағы уақытта бұл көшелерде қаражат бөлінген кезде кезең-кезеңімен, рет-ретімен жасалатын болады. Биылғы жылы да біз құрылыс бөлімі арқылы қаражат сұратып жатырмыз қалалық бюджеттен, облыстық бюджеттен ауыз су жүргізуге.

Осылайша, жергілікті билік "мәселе алдағы екі-үш жылда толықтай шешімін табады" деп, арқаны кеңге салып отыр. Ал ауыл халқының ел қатарлы жол, жарық пен су келсе деген арманның орындалатын күнін асыға күтуден өзге шарасы жоқ.

Шарипа САҚТАПОВА