Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

"Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды", - Президент

15.03.2024ж. 20:00
659
"Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды", - Президент

"Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды". Үшінші рет өткізілген Ұлттық құрылтайдың алғы сөзінде Мемлекет басшысы осылай деді. Елдің зиялылары бас қосқан шарада елдік, ұлттық мәселелер көтерілді. Қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалды. Сүндет Оралбек рет-ретімен баяндайды. 

Жайықтың жағасы, көне шаһар Сарайшықтың маңы. Құрылтайдың үшінші отырысы мұнайлы аймақта өтуі тегін емес. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Елдік мәселе сөз етілген. Бұл жолғы басқосуда тілдің жайы көтерілуі тегін емес. Қазір қазақ тілі құлаш жайып келеді. Бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек.

Еліміздің Елтаңбасы ауысуы мүмкін. Мемлекет басшысы жаңа рәміздің жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын айтты. Бірақ алдымен арнаулы комиссия құрылып, мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан, шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.

Елімізде кәсіби археологтар тапшы. Салада тәртіп жоқ, тіпті күмәнді адамдар жайлаған. Олар заңсыз қызметі үшін қыруар қаржы алып отыр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «қарақшы-археологтарға» ерекше тоқталды. Соңғы жиырма жылда археологиялық ескерткіштер әбден тоналды. Қолды болған құнды заттарды жеке коллекционерлер мен әлемдік мұражайлардан кездестіретін болдық. Президент саладағы мәселелерді шұғыл қолға алуды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет.

Жол салу және оны жөндеу жұмыстарына ерекше тоқталды. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді-мекендерге көлікпен қатынау жеңілдейді. Бұл экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұнан өзге, Президент Бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға болмайтынын ескертті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет.

"Бала есейген соң қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек",- Мемлекет басшысы осылай деді. Қазір 200 мыңнан астам отандасымыз шекара асып, заңды түрде еңбек етіп жүр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу.

Еліміздің болашақтағы бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Мемлекет басшысы стратегиялық бағдардан ешқашан ауытқымаймыз деді. Тоқетері, мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар Әділетті мемлекет құратынымызды тағы бір қадап айтты.