Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

ШҚО-да орман шаруашылығы мекемелері 112 кәсіпкерге өз міндеттерін жүктеп, заңға қайшы келісімшарт жасасқан

AstanaTV
16.03.2024ж. 08:34
386
ШҚО-да орман шаруашылығы мекемелері 112 кәсіпкерге өз міндеттерін жүктеп, заңға қайшы келісімшарт жасасқан

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы орман шаруашылығы мекемелерінің кәсіпкерлерге өз міндеттерін жүктеп, заңға қайшы келісімшарт жасасқанын анықтады.

ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы орман шаруашылығы мекемелерінің кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғанын анықтады. Атап айтқанда, орман өнімдерін сатып алу-сату шарттарын жасасу кезінде кәсіпкерлерге ағаш кесілген жерлерді тазалау, жүктерді тасымалдау кезінде бұзылған жолдарды өз қаражаты есебінен тиісті жағдайда күтіп ұстау сынды заңға қайшы міндеттерді жүктеген.

«Мысалы, «Риддер орман шаруашылығы» ҚММ мен жеке кәсіпкер арасында Үбі орман шаруашылығында орналасқан ағаш кесу учаскесінде діңгекке жақын жерде 197 текше метр ағашты сату туралы келісім жасалды. Шарт сатып алушының орманда пайда болған қалдықтарды тазарту, сатып алынған тауарларды және оның қалдықтарын кесу және сақтау орындарын тазалау міндетін қарастырады. Алайда ағаш кесу және сол учаскелерді тазалауды орман шаруашылығы мекемесінің өзі жүзеге асыруға міндетті», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ шартта сатып алушыға жүктерді тасымалдау кезінде бұзылған жолдарды, көпірлерді өз қаражаты есебінен күтіп ұстау міндеті жүктелген. Бірақ орман заңнамасына сәйкес, бұл жұмысты да орман шаруашылығы мекемесі атқаруы тиіс.

«Осындай заңбұзушылықтар кәсіпкерлер мен орман шаруашылығы мекемелері арасында жасалған 111 келісімшартта анықталған. Табиғат қорғау прокуратурасының ден қоюы нәтижесінде ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы негізсіз талаптарды жою мақсатында орман өнімдерін сатып алу-сату шарттарына тиісті өзгерістер енгізді. Осылайша, 112 кәсіпкердің құқығы қорғалды», - делінген ақпаратта.