Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

AstanaTV
16.03.2024ж. 09:08
1325
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Қазақ мәдениеті, өнері мен ұлттық салт-дәстүрі - ұлттың "мәдени коды"

Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Бұл күні ел аумағында қазақстандық авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсаукесерлері ұйымдастырылады. 

Телеарналар эфирінде "Наурызнама" республикалық айтысы көрсетіледі. 

Қазақ мәдениетінің түп негізі гуманистік идеялардан туындайтын болғандықтан, ол қоғамды жалпыадамзаттық құндылықтар аясында біріктіруші күш бола алады. Оның ішінде, өзгені түсінуге ұмтылу, өзара көмек пен ынтымаққа негізделген қарым-қатынас қағидалары халықты біртұтас ұлтқа айналдыруда аса маңызды. Сондықтан 16 наурыз тақырыбы азаматтарға ата-бабамыздың рухани-практикалық және мәдени тәжірибесін еске түсіріп, одан сабақ алуға мүмкіндік береді. 

Ұлтты ұлт ететін айрықша белгілердің бірі – мәдениеті пен өнері, олардың маңызы жаһандану жағдайында одан сайын арта түспек. Мәдениет қоғамдық сананы және азаматтардың мінез-құлқын анықтайтын моральдық-этикалық нормаларды қалыптастыру процесіне әсер етеді. Өнер қоғамдағы құндылық символизмін айшықтайды. Сондықтан Наурыздың жаңа идеологемасын қалыптастыру отандық мәдени-шығармашылық кодпен тығыз байланысты.

Бүгінгі қоғамдағы сұраныстардың бірі – өткен заманды аңсау тағдыры талайлы болған кез келген ұлт үшін қалыпты жағдай. Бұған, әрине, қазақ ұлтының түп негізіне бойлаған және жастардың ықыласына бөленген заманауи кинематографиялық, әдеби, бейнелеу өнерінің туындылары мен музыкалық шығармалар да ықпал етеді.

Қоғамның мәдени-тарихи мұраларға деген ықыласы заман келбетіне тікелей әсер етеді. Мысалы, салауатты тамақтануға көшуге қатысты трендтер тек табиғи ингредиенттер қолданылатын дәстүрлі қазақ тағамдарына деген ықыласты арттырды. Сондай-ақ салауатты өмір салты (ұлттық спорт түрлеріне оралу), әдебиет (классиктерді оқу), музыка (халық шығармаларының қайта жандануы) салаларында ұлттық өзекке оралу үрдісі байқалады.

Сонымен қатар, тарихи мұраны қайта құру мен жандандырудың негізгі тетігі модернизацияда жатыр. Мәселен, қазақтың дәстүрлі киім үлгісі қазіргі кезде жаңаша түрлене бастады. Қазір қазақстандық дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнектерді, нақыштарды және басқа да атрибуттарды заманауи стильмен үйлестіре отырып пайдаланады. Наурыздың қайта жаңарған мәні де осында: дәстүрлер жаңа заманға бейімделіп, тың мазмұн-пішінге ие бола бастады. ХХІ ғасырда қазақстандық дамудың бағытын осылайша дәуірлер тәжірибесіне негізделген жаңа мазмұндағы мәдениет айқындайтын болады.