$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"500 тонна пияз шіріп жатыр": Қазақстандық қоғам белсендісі қоймаға жиналған көкөністің жеуге жарамсыз болғанын айтып дабыл қақты

AstanaTV
18.03.2024ж. 11:31
1344
"500 тонна пияз шіріп жатыр": Қазақстандық қоғам белсендісі қоймаға жиналған көкөністің жеуге жарамсыз болғанын айтып дабыл қақты

Желіде қоғам белсендісі, саясаткер Санжар Боқаевтың Шенгелді ауылындағы егіс өнімдерін көрсеткен видеосы пайда болды. Мұнда ол пияз, соя, жүгерілердің қалай тонналап шіріп, қоқысқа кетіп жатқанын жеткізген. Белсенді одан бөлек, шаруашылық техникаларының жетіспеушілігін айтып, еліміздің Ауыл шаруашылық министрлігіне үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Санжар Боқаевтың айтуынша, бұл ауылдағы егіс шаруаларының жағдайы хал үстінде тұр.

“Енді қараңыздар, мына жерде 500 тонна пияз. Пияздары керемет. 15-20 теңгеден береді. Егер бұлар сатылмаса, босқа қоқысқа тасталады. Бір ғана ауылда 500 тонна пияз шіріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі қайдасыздар, әдемі есептеріңіз қайда? Қайда қарап отырсыздар? Бұл деген үлкен мәселесі емес пе? Шынымен шіріп жатыр. Сіздер дүкендердегі пияздың бағасын білесіздер ме?” – деді белсенді.

Видеода, тұрғындардың айтуынша, шыққан өнімдердің барлығы бірдей жиналмаған. Себебі техника жоқ. Ал жиналып, өңделмей шіріген өнімдерді тіпті малға беруге болмайды.

“Осы жерде 60 тонна жүгері болды. Бәрі шіріп кетті. Оларды далаға тастау да қауіп. Себебі шірігендіктен малдар жеп қойса, уланып өледі. Сондықтан бір жерге апарып көмеміз. Міне биліктің жасаған жақсылығы бізге. Комбайнға төледік, суға төледік, тұқымға төледік, шаруалардың жұмысы бар, мұның бәрі ақша. Соның нәтижесі мынау енді. Осы шаруашылықты бастап, соңында бәрі құрдымға кеткен жігіт енді ешқашан бұл іспен қайта айналыспайды. Енді ауылдан жастардың бәрі кетеді”, – деді шаруалардың бірі.

Одан бөлек, видеодан ауылдағы 1960-70 жылдардағы ескі шаруашылық техникаларын да көруге болады. Шаруалардың бар сүйенгені дөңгелегі жыртылған трактор мен жигули, москвич көліктері.

“Ауылымызда бірде бір комбайн жоқ. Сол себептен менің егіп өсірген соям шабылмай қалды. Біразын кішкене шауып едік. Оның көбісі шіріп кетті, қоқысқа тастадым. Ештеңеге жарамай қалды. Ауылымызда техника жоқ. Утиль алымының ауыл шаруашылығына қажеті не? Соны түсінбеймін. Техника аламыз деп комбайн трактор үшін барғанымызда олар бізден кепілдікке мүлік қоюымызды сұрады. Ал олар біздің ауылдағы үйімізді, егінімізді, жерімізді кепілге алмайды. Ол үшін тек Алматыда үйің болуы керек. Шаруаларда қайдағы Алматыдағы үй. Енді биыл шаруалар не егеді? Су мәселесі анау, білмеймін үкімет ауыл шаруашылығын құртып жатыр”, – деді ауыл тұрғыны.

Осы тұста Санжар Боқаев ауыл шаруашылығы министрлігіне үндеу жолдап, шаруалар техникасына утиль алымын алып тастауды сұрады.

“Білесіздер ме Өзбекстан мен Қырғызстанның агротехникасы бізге қарағанда жаңа. Олардың техникасы бізден жақсы. Себебі оларда утиль алымы жоқ. Ал біз шаруаларды осындай жағдайға жеткізіп, қысым жасап тастағанбыз. Ең өкініштісі биліктің мұны түсінбеуі. Сіздер “ауыл шаруашылығын дамытамыз” дейсіздер, бірақ тек бір-екі бай бағланның техникасына ғана субсидия жасағыларыңыз келеді. Отандық техникалар жібереміз дейсіздер. Көмектесіңіздер, қарсылық жоқ. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан бізге қытайдың та, беларусьтың да, үндінің де, немістің де, АҚШ-тың да кез-келген техникасын кіргізу керек. Ең басты тапсырма ауыл шаруашылығы өнімдерінің санын арттыру. Утиль алымының кесірінен шаруалар техникасын жаңаптуға шамасы жетпей жатыр. Утиль алымын алып тастаңыздар”, – деді Боқаев.

Осы мәселеге орай Stan.kz редакциясы ауыл шаруашылығы министрлігіне сұрау жолдаған еді. Министрлік фермерлерді қолдау және елді осы өніммен қамтамасыз ету бойынша барлық міндеттерді орындап жатқанын айтып, сендірді.

“Шын мәнінде, өндірілген пияздың көлемі оған қазіргі сұраныстан үш есе көп. Жылдық өнім – 1,1 миллион тонна деңгейінде, ал тұтыну орташа есеппен 315 мың тоннаға тең. Пияз жинау бойынша негізгі өңірлер – Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстары. Сонымен қатар алдыңғы жылдары пияздың жеткілікті өндірілуіне қарамастан, бағалар үнемі көтеріліп отырды, әсіресе, маусымаралық кезеңде. Фермерлердің ірі көтерме сауда орындары мен базарлардағы делдалдарға пияз сатқаннан кейінгі кезеңде бағаның айтарлықтай өсуі байқалуда”, – деді ведомство.

Министрлік жылы ауа райына байланысты қоймаларда пиязды сақтау мәселесі де туындағанын алға тартты. Бұл ретте елімізде тоңазытқыш жабдығы бар мамандандырылған қоймалар жоқ екен.

“Импорттаушылар тарапынан 2023/2024 маусымында сұраныстың төмендеуі аясында артық өндіріс. Ресей аумағы арқылы Балтық жағалауы мен Грузияға жөнелтуді жоспарлау кезінде көлік логистикасы мәселесі пияз қорларының жиналуына және бағаның төмендеуіне әкелді”, – деп қосты ведомство өкілдері.

Қалыптасқан жағдайды шешу үшін және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі қандай жұмыстар жүргізіп жатқанын да айтып берді.

“Жергілікті атқарушы органға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында сатып алуды ұйымдастыру үшін көлемдер мен бағалар ұсынылатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тізімдері, сауда объектілері және т. б. жіберілді. Қазтрейд ішкі және сыртқы нарықтарда пиязды өткізуді ұйымдастыру туралы хаттар жолданды. Пиязды Пәкістанға өткізу мәселесі пысықталуда, сондай-ақ Қазақстанның елшіліктері жаңа өткізу нарықтарын іздестіруде. "ҚазАгроЖамбыл" Бірінші халықаралық көрме-форумы шеңберінде өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен Жамбыл облысының пияз өндірушілерінің кездесулерін өткізу жоспарлануда”, – деді министрлік.