Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Министр Тамара Дүйсенова Астана тұрғындарының шағымын тыңдады

AstanaTV
19.01.2017ж. 20:00
2402
Министр Тамара Дүйсенова Астана тұрғындарының шағымын тыңдады

Алатын зейнетақым күнкөріске жетпейді. «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған қоғамдық қабылдауда Ділдахан Жұмажанұлы осылай деп назын айтты. 2006 жылы Қытайдан көшіп келген ол "зейнетке 11 мың теңгемен ғана шығарды, жұмыс істеуге денсаулығым жарамайды, баспанам да жоқ" дейді. Пәтер жалдап, зейнетақымен күнін көріп жүрген қария ең болмаса пәтер мәселесін шешуді сұрап отыр.

Ділдахан Жұмажанұлы, Астана қаласының тұрғыны:


Қойған нақты талабым зейнетақыны көтеру болды. Бірақ әлгіндей айтты. 11 мың теңге деп. Заңнан тысқары шығып, ештеңе дей алмаймыз деді. Бірақ әлеуметтік көмек ретінде көмек жасауға болады, тиісті органдарға тапсырам деді.  Квартира жалдап тұрамыз. Ортасына от жағамыз, пеш бар. Айналасы 4 метр жер. Үш жан. Жағдай осы. Осы мәселемен келгем.

Тұрғынның арызын тыңдаған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова азаматтарға қойылған шарт бойынша кезекке тұру керектігін айтты. Зейнетақы 1998 жылдан кейін келгендерге жалпыға ортақ нұсқада қарастырылады. Алайда министр күрмеуі қиын мәселеде әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтып,  қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берді.

Қабылдауға келген он алты адам сұрағына тиісті жауап алды, біразы өңірлердегі жауапты азаматтармен видео байланыс арқылы тілдесті. Негізгі мәселе қатарында бірінші шілдеден бастап 20 пайызға өсетін зейнетақы мен балаларға берілетін бір реттік жәрдемақы бар. Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа бағдарлама іске асатынын жеткізді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:


Зейнетақы мәселе жөнінде бұл туралы біз барлық жергілікті жерлерге жібердік. Барлық жерлерде зейнетақы төлеу орталықтары бар. Жергілікті жердегі облыстық әлеуметтік саланың қызметкерлері ары қарай түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша аудандық орталықтар бар. Сол азаматтарға жібереміз.