Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Бірқатар аймақтарда қатты отын тапшылығы қайта сезілді

AstanaTV
19.01.2017ж. 20:00
2557
Бірқатар аймақтарда қатты отын тапшылығы қайта сезілді

Еліміздің бірқатар аймақтарында көмір тапшылығы қайта сезіле бастады. Қатты отын қоймаларға кешігіп жеткендіктен, жұрт оның қымбаттағанына қарамастан, жаппай сатып алуда. Әсіресе, сұранысы жоғары «Шұбаркөл» көміріне  қолымыз жетпей тұр дейді отын базасындағылар. Мұндай қиындықтың туындауына не себеп?  Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Шымкентте қыстың көзі қырауда көмір тапшы болып тұр. Отын базаларына қатты отын тиісті мөршерден аз келіп жатыр. Сұраныс бар. Бірақ тауар жоқ есебі,- дейді жұрт.

Асан Тойшиев, Шымкент қаласының тұрғыны:

Биыл вагон жоқ па, аз келіп жатыр көмірлер. Жеткіліксіз болып жатыр бұл жақта көмір. -Сұраныс жақсы ғой?
-Сұраныс адамдарда көп. Көмір әкеліп берші деп жатқан халық көп.

Облыс халқын көмірмен қамтамасыз ететін ірі қойма басшыларының ақпарына сүйенсек, бір айдағы қажеттілік шамамен 30 мың тонна. Бірақ бұл да тиісті мөлшерде келмей жатқан көрінеді. Қазір қорда бары Қарағандының майда көмірі, оған сұраныс аз,- дейді отын базасындағылар. Ал халық ең көп тұтынатын «Шұбаркөл» көмірі мүлде келмей қалыпты. Тапшылық желтоқсан айының соңынан бастап сезілген.

Сапарбай Арынқұлов, көмір сату орталығының менеджері:

ҚТЖ вагон бермейді, үш күнде, бес күнде үш-ақ вагон келеді, екі-ақ вагон келіп жатыр. Вагон тапшы бізде. Жылыжайлармен договорға отырғанбыз. Оларға жеткізіп бере алмай жатырмыз. Халықтар қаншама кезекте тұрады. Оларға жетпей жатыр. Бәрі шағым жасап жатыр, жылыжайдың бәрі.

Жаңа жылдан бастап қатты отынның бағасы да өскен. Күзде тоннасы 12 мың теңгеден саудаланған «Шұбаркөл» көмірінің құнына 600 теңгедей қосылыпты. Мұны көмір базасындағылар тасымалдау нарқының көтерілуімен байланыстырады. Тапшылық Астанада да сезілуде. «Угольный двор» серіктестігіндегілер тапсырыс берген көмірлерін бір ай күтуге мәжбүр. Егер бұлай жалғаса берсе, шаһардағы маңызды нысандардың отынсыз қалу қаупі бар. Келісім шарт жасасқан Лесная поляна, Ақмол аудандарында орналасқан қазандықтардың өзі уақытылы қамтамасыз етілмей отыр.

Айшолпан Бекенова, «Угольный двор» ЖШС маманы:

Қазіргі кезде Майқұба мен Шұбаркөл көмірі келіп жатыр. Бірақ уақыты көп күтеді. Және мына жерге келген кезде кезекті күтіп алады. Сондықтан вагон жетіспегендіктен көмірлер кешігіп келеді. Біз оны күткіземіз, адамдар көп күтуге міндетті. Және бюджеттік мекемелер болғандықтан, біз қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан біз жарты көмірді бюджеттік мекемелерге береміз.

Қарағандыдағы «Шұбаркөлкөмір» акционерлік қоғамындағылар дабыл қағатындай дәнеңе жоқ деп отыр. Айтуларынша, Оңтүстік Қазақстанға соңғы екі тәулікте 32 вагон жөнелтілген. Бүгіннің өзінде 21 вагон көмір жолға шығыпты.

Инна Горяева, «Шұбаркөл көмір» АҚ сату бөлімінің басшысы:

Көмірден тапшылық жоқ. Тек вагон жетіспей жатыр. Бұл маусымға орай туындаған қиындық дер едім. Күн аяз болғандықтан, сұраныс артқан. Күткісі келмеген кейбір алушыларымыз өздері вагон тауып әкетіп жатыр. Ал көмірсіз қалған өңір жоқ. Біз барлығын бірдей қамтамасыз ету үшін әрбір өңірге аз-аздан болса да, вагондарды күнделікті жіберіп отырмыз. 

Көмір тапшылығының бір ұшы вагон жетіспеушілігіне тіреледі. Бұдан бұрын Астана арнасы «ҚТЖ» акционерлік қоғамына сауал жолдап ресми жауап алған. Онда "Түрікменстан мен Тәжікстаннан 600-ге жуық жартылай вагондар алынды. Құрылыс материалдарын тасудан 500 вагон босатылып, осы бағытқа жөнелтілді. Қосымша парктен 2 мыңдай вагон тартылады" деген дерек келтірілген еді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейін, желтоқсанның соңында Оңтүстік Қазақстандағы Кентау қаласын жылумен қамтамасыз ететін орталықта да тапшылық сезілген. Себеп тасымалдаудағы қиындық. Шаһарды жылытуға жауапты ТЭЦ-5 орталығы 375 көпқабатты тұрғын үй мен 2000 мыңға жуық жеке баспаналарды жылумен қамтамасыз етеді. Қазір кеншілер шаһарында бұл мәселе қалпына келді. Жылыту орталығының қорында бар көмір бір жарым айға  толық жетеді деп сендіріп отыр, шенділер.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ