Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Бұрынғы әйелін кепілдікке алған түркістандық жансақтау бөлімінде жатыр

AstanaTV
20.03.2024ж. 22:33
411
Бұрынғы әйелін кепілдікке алған түркістандық жансақтау бөлімінде жатыр

Түркістан облысында әйелді кепілге алып, өлтіре жаздаған ер адам жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр. Бұрынғы келіншегін пышақтаған күдікті жанжал кезінде өзіне де 7 рет пышақ сұғып үлгерген. Куәгерлер айтуынша, арнайы жасақ тоқтатқанда екеуі де көліктен қансырап шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнежазбада қансырап жатқан әйел – бұрынғы күйеуінің қолынан ажал құша жаздаған Сайрам ауданының тұрғыны. Оны экс-жұбайы үйінен пышақпен қорқытып, көлікке отырғызып әкеткен. Ал қызының кепілге алынғанын полицияға анасы хабарлапты. Қызылордаға бағыт алған ер адам арнайы жасақтың күшімен Шымкент қаласында қолға түсті.

– Сағат12:00 шамасында машинада отырғам. Бір көлік машинаны сырып өтіп, тоқтады. Артынан қуып келген машинаның сынтында «Арлан» деп жазылған. Бір әйел мен еркек көліктен түсті, – деді куәгер.

Жәбірленуші мойын тұсынан жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Күдіктінің аяғына оқ тиген, одан бөлек, ішкі ағзалары сыртқа шығып кетіпті. Іле-шала шұғыл ота жасалған азамат қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастың жанында қарулы күзет бар. Дәрігердің айтуынша, ота ауыр өткенімен, күдіктінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

– Түскен кезде сол санында және іш қуысында ашық жарақат болды. Ішкі органдары сыртқа шығып, қан ағып келді. Ішектері тесілген, олар тігілді. Сыртқа шыққан іш-май дезекция жасалды. Ішкі органдарының бәрін жуып тазаланды. Жараларына алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді, – деді Шымкент қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев

Бұрынғы әйелін кепілге алған көлік иесін «Арлан» арнайы жасағы қолға түсірген. Полиция мәліметінше, күдіктінің талабы «оны қудаламау және жауапқа тартпау» болған. Ал әйелімен үш жыл бұрын ғана ажырасқан ол бұған дейін екі рет сотталған. Арада үш бала бар. Күдікті лудоманиямен ауырады.