Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы алаңда Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады. Президент Наурыз жаңару мен жаңғыруды, қоғамымыздың дамуының жаңа кезеңін бейнелейтінін атап өтті. Алматыдағы Астана алаңынан тікелей байланысқа Мөлдір Жақан қосылғалы тұр. Мөлдір, алатау баурайында Ұлыстың ұлы күні қалай тойланып жатыр?
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Алматыда бүгін ақ түйенің қарны жарылды! Халық көптен күткен Наурыз мейрамын тойлап жатыр! Шаһардағы дүбірлі тойға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Президент қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың Ұлы күні - Әз Наурызбен құттықтады.
Бүгінгі күн халық үшін қызыққа толы болмақ. Әуелі Алматы көшелерімен «Көш. Наурыз –думан» театрландырылған керуені жүріп өтті. Оған батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы 1000-нан астам адам қатысты. Арбаға киіз үй, қыз күймесі, қоржынға жібек маталар мен кілемдер артқан түйелер орналастырылған. Бұдан бөлек жеті қазына нышандары да қамтылды. Ерекше мерекелік керуен көптің көңілінен шыққан тәрізді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Керуен өте керемет өтті. Басқаша форматта болған сияқты. Басқаша сезімде болдым көрген кезде. Бәрі визуально әдемі көрінді. Маған ұнады. Керемет өте керуен.
- Өте қатты ұнады керуен. Әсіресе, қазақи киімдері бізді таңқалдырды. Сондай керемет. Әрі қарай да осылай қазақ киімін киіп жүре берсек деп ойлаймыз.
- Ұлыс күні құтты болсын! Дендерің сау болсын! Осы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жылдан жылға осындай Наурызға жете берейік.
- Жақсы болып жатыр. Ұнап жатыр бізге. Наурыз қазақтың Жаңа жылы ғой. Қазақтың жаңа жылы болғаннан кейін Наурыз тойлану керек. Дұрыс.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Иә, тұрғындардың көңіл-күйі шат-шадыман! дәл қазір қаладағы “Астана” алаңында “Наурыз- береке бастауы” атты ауқымды мерекелік концерт өтіп жатыр. Мұнда 500-ге жуық әртіс өнер көрсетуде.