Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ресейдегі терактіден балалар зардап шекті

AstanaTV
23.03.2024ж. 04:17
516
Ресейдегі терактіден балалар зардап шекті

 Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында болған теракт салдарынан екі бала зардап шекті, - деп жазды KAZINFORM. 

Бұған дейін хабарланғандай, белгісіз біреулер Красногорск қаласындағы Крокус сити холл ғимаратында оқ жаудырған. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскерлер кешкі сағат 20:30 шамасында, концерт басталар алдында негізгі подъезд арқылы ғимаратқа кіріп, келушілер мен күзетшілерге бірден оқ атқан. Содан үш-төрт адам концерт залына кіріп, көрермендерді атып, «Молотов коктейльдерін» лақтыра бастаған. Осыдан кейін шабуыл жасағандар қашып кетті.

Бес адамның автоматтан адамдарға оқ атқаны хабарланды. Олар камуфляждық киім киген және әрқайсысында рюкзак болған (өрт тұтандыру құрылғысы болуы мүмкін).

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, мемлекет басшысына теракт туралы бірінші минутта-ақ хабарланған.

Ресейдің Тергеу комитеті Мәскеу облысында РФ Қылмыстық кодексінің 205-бабы (теракт) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі лаңкестік әрекет салдарынан 40 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланғанын хабарлады. Балалар омбудсмені Мария Львова-Белованың айтуынша, екі бала жарақат алған, қазір олардың жағдайы орташа ауыр.

Қазір сауда орталығының аумағында 50-ден астам облыстық және астаналық жедел жәрдем бригадасы, ондаған өрт сөндіру машинаcы бар. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт түн ортасына қарай сөндірілгенін хабарлады.

Алдағы күндері Мәскеуде мемлекеттік мекемелердегі барлық ойын-сауық шаралары тоқтатылды.

Бірқатар телеграм-арналардың мәліметінше, халықаралық Reuters және CNN агенттіктері Мәскеудегі лаңкестік әрекетті ДАИШ лаңкестік тобы өз мойнына алғанын хабарлады.