$455.63 €507.89 ₽5.65

«Арнаб» циклоны: Үндістанда 89 мың адам эвакуацияланды

28.10.2026ж. 18:38
«Арнаб» циклоны: Үндістанда 89 мың адам эвакуацияланды
фото: thehindu.com

«Арнаб» циклоны Үндістанның Андхра-Прадеш штатының жағалауына жетті. Билік өкілдерінің мәліметінше, бұған дейін жағалаудағы қауіпті аймақтардан 89 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген, деп хабарлайды Astana TV. 

Дауылдың жылдамдығы сағатына 185 шақырымға дейін жетті. Нөсерлете жауған жаңбыр мен екпінді жел бірнеше жағалау бойындағы аймақтарға үлкен зиян келтірді. Дегенмен, әзірге қаза тапқандар немесе зардап шеккендер туралы ресми мәлімет жоқ.

Мамандардың болжамынша, бұл қолайсыз ауа райы Андхра-Прадеш пен оған көршілес жатқан Одиша штатының кейбір жерлерінде әлі де жалғасады. Циклон құрлық ішіне енген  сайын желдің күші бәсеңсіп, сағатына 110 шақырымға дейін азаюы ықтимал.

Синоптиктердің айтуынша, бұл стихия жеңіл құрылысты үйлерді қиратып, жергілікті деңгейде су тасқынын тудыруы, электр желілері мен байланыс жүйелерін істен шығаруы мүмкін. Сонымен қатар егілген дақылдардың қауіпке ұшырау ықтималдығы жоғары.

Одиша штатында қауіпті аймақтардан шамамен 48 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшіру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Шри-Ланка мен Непал елдері де осы қатерге байланысты халыққа ескерту жасады.