Қызылжарлықтар да Ұлыстың ұлы күні Наурызды атап өтті. Шаһардың орталық алаңында киіз үйлер тігіліп, жұрт ән айтып, би биледі. Мерекенің сәнін кіргізді. Көктемнің басты мерекесі туралы аймақтағы тілшіміз айтады.
Биылғы Наурызды қызылжарлықтар ерекше атап өтті. Театрландырылған көріністен бастау алған мерекелік бағдарлама қара жорға флешмобы мен концертке ұласты. Алаңда түрлі тақырыптағы 15 киіз үй тігілді. Онда аймақтың белді кәсіпкерлері ұлттық киім-кешек пен қолөнер бұйымдарын халық назарына ұсынды.
Жиналған жұрт асық пен тоғызқұмалақ ойнап, гір көтерді. Кейбірі қол күрес бойынша сынға түсті. Енді бірі қазақтың жеті қазына көрмесін тамашалады. Соның бірі - тазы ит. Ұлағат Ханзада қазақтың асыл тұқымды иттерін көбейтумен айналысады. Астаналық саятшы теріскейге арнайы шақыртумен келген.
Ұлағат ХАНЗАДА, САЯТШЫ:
Ұстап отырған он шақты тазымыз бар. Құсбегі жолдастарымызбен бірге бүркіттерімізді ала келдік. Оның себебі Қызылжардың халқы осындай қазақтың құндылығын көрсе, тамашаласа, рухани жан дүниесі рақаттанып сезінсе деген ниет болған. Дәл сол ниеттің үдесінен шыға білдік деп ойлаймын.
Жалпы биыл солтүстікте Наурыз мерекесі он күн тойланды. Айта кету керек, әкімдіктің бастамасымен наурыздың 22 күні ұлттық киім киген барлық тұрғындар қоғамдық көлікпен тегін жүрді.