Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылорда облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Қызылорда облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Қызылорда облысы Шиелі ауданының екі ауылдық округі табиғи газға қосылды. Бестам мен Телікөлдің тұрғындары отын жарып, күл шығару машақатынан құтылды. Бүгінде ауданның 40 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынның игілігін көруде.

Бестам жәнеТелікөл ауылдарының тұрғындары бұл күнді асыға күтті. Бұрын аудан орталығына сабылып көмір кезегіне тұратын. Отын тасып, оны бұтарлап жинаудың өзі үлкен күшпен еңбекті талап етеді. Үйді жылыту үшін отты да үзбей жағып, бала-шағаны жалғыз қалдыруға да қорқатын. Енді бұл мәселенің барлығы артта қалды.

Балтабай ҚОШҚАРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл көптеген біздің келіндеріміз бен жеңгелеріміздің, жұбайларымыздың қолына жеңілдік беріп отыр ғой. Газ келгеннен кейін отын дақалды, қи да қалды, бәрі де қалады. Қыздарымыз, келіндеріміздің қолдары ұзарып, басқа да шығармашылық жұмыстармен айналысуға, бала тәрбиесіне қарауға, басқа тірлікпен айналысуға үлкен мүмкіндік береді.

Ұлтуған ҚАЛКӨЗОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыл халқы қуанып жатырмыз. Тамағымыз асулы, шайымыз қайнаулы. бұрын сыртта жүргенде, жұмыста жүргенде әрдайым балаларды уайымдап отыратын едік. Отын уақытылы жағылып жатыр ма, үй салқындап қалды ма деп.

Аймақта барлық аудан орталықтары мен 4 қала, 27 елдімекен табиғи газдың игілігін көріп отыр. Биыл да осы бағытта жұмыстар жалғасын тауып, өңірдегі газдандыру көрсеткіші 78 процентке жетпек. Оған 4 млрд теңге қаржы бөлініп, 12 елді мекенді газге қосу жоспарлануда. Оның ішінде Шиелінің де бірнеше ауылы бар.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Аудандағы 40 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газдың игілігін көруде. Ауданда 6 елді мекенде, Еңбекші, Жиделіарық, ӘбиділдаТәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестамда газ тарату желілерін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді.

Салтанатты шара одан әрі мерекелік көңілді кешке ұласты. Ұлттық ойындар ойнатылып, жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты. «Ашамайғамінгізу» салты көрсетіліп, дәстүріміз жаңғыртылды.