Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

"Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді", - Е.Қошанов

26.03.2024ж. 20:00
178
"Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді", - Е.Қошанов

"Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді". Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Женевада өткен Парламентаралық Одақтың 148-ші Ассамблеясының кезекті отырысында осылай деді. Басқосуда ол климаттың өзгеруі, демократия және адам құқықтары, бейбітшілік пен қауіпсіздік, гендерлік теңдік, жастардың белсенділігі мен орнықты даму сияқты бағыттар бойынша Парламентаралық Одақ Ассамблеясының құрамындағы қазақстандық депутаттардың нәтижелі жұмысын атап өтті. Сондай-ақ, мәжіліс төрағасы «Парламенттік дипломатия: бейбітшілік пен өзара түсіністік жолында байланыс орнату» атты кездесу тақырыбының өзектілігіне тоқталды.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Оған әсіресе соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан, ауқымды саяси реформалар айқын дәлел. Қазіргі кезде демократиялық ел, әділетті Қазақстан құру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл бейбітшілік пен өркендеудің кепілі. Қазақстан парламенті де бұл жұмысқа белсене ат салысуда.

Парламентаралық Одақ Ассамблеясы аясында Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақтың Төрайымы Ту́лия А́ксонмен кездесті. Сонымен қатар, мәжіліс төрағасы Швейцария Конфедерациясына ресми сапары аясында Бернде Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Швейцария Конфедерациясының федералды кеңесшісі, Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесті. Тараптар достық топтары, комитеттер мен партиялық фракциялар арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономика, көлік-логистика, экология, білім беру мен ғылым салаларында серіктестікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.