$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«14 жұп театрда танысып, шаңырақ көтерді», - режиссер

27.03.2024ж. 20:00
660
«14 жұп театрда танысып, шаңырақ көтерді», - режиссер

Бүгін – халықаралық театр күні! Атаулы мереке дүниежүзінде 1962 жылдан бері тойланады. Қазір елімізде 67 театр бар. Оның 57-сі мемлекет қарауында. 11-і республикалық мәртебеге ие болған. Қалғаны өңірлерде ашылды. Мәдени ортада бас-аяғы 20 мыңға жуық әртіс жұмыс істейді. Қызығушылық танытқан көрермен саны да артып келеді. Жан тыныштық табатын өнер туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Иә, құрметті көрермен, дәл қазір мен өте жай сөйлеуге мәжбүрмін. Өйткені театр сахнасында жаңа қойылымның дайындығы жүріп жатыр. Расымен, бұл өнер туралы айтылар сөз көп. Атақты Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» десе, жазушы Мұхтар Әуезов «Театр өнердің ішіндегі ең зоры» деп баға берген. Ал, режиссер Шәкен Айманов «Әр адам театрдан өзін көреді» деген. Шынымен театр өнердің ішіндегі ең құдіреттісі.

Бұл – елордадағы музыкалық жас көрермен театры. Небәрі үш жыл бұрын ашылған. Репертуарында 20-дан аса қойылым бар. Қалың көрерменге «Құдаша» әні арқылы танылған мәдени ортаға қызығушылық танытқан халық көп.

Бір ғана театрда 3 жылда 14 жұп шаңырақ көтерген. Әртістер бір-біріне үйленіп, үй болуды үрдіске айналдырған. Өнер шаңырағынан өз отауын тіккендердің бірі – Оразалы Игілік. Жұбайы Инабатпен киелі сахнада танысып, сақина таққан. «Қыз Жібек» спектаклі арқылы басқосқан жұбайлардың бір қызы бар. Есімі – Жібек.

Оразалы ИГІЛІК, МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕН ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:

Әр келген көрермен қайтара келеді. 3 рет, 10-15 рет көрген көрермен бар. Соған қарағанда театр өзінің жұмысын жақсы атқарып жатыр. Айта кету керек, «Ұмай» сыйлығын жеңіп алды «Ғауһартас» спектаклі.

Театр директоры Асқар Маемиров мәдени ортада бас қосқандардың саны алдағы уақытта артады, - дейді. Бір емес, бірнеше жұптың тойын күтіп жүргенін жасырмады.

Асқар МАЕМИРОВ, МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕН ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Театр шығармашылық жұмыс қана емес. Ол жерді әртістердің жеке өмірі бар, тыныс-тіршілігі бар. Сондықтан біздің театр Қазақстандағы театр табыстырған жұптар ретінде де танымал. Қазіргі таңда 14 отбасы еңбек етіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың театрға деген назары бөлек, қолдауы мықты. Қазір елдегі театр репертуарында 2,5 мың спектакль бар. Өткен жылдың өзінде 12 мыңнан астам қойылым көрерменге жол тартқан. Оны 2,5 миллионнан астам адам тамашалады. Шетелге шыққандары да жетерлік. 66 мың туынды әлем сахнасын бағындырды.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Бүгін бүкіл әлем Театр күнін атап өтуде. Сөз жоқ, осынау адамзат руханиятының бекзат өнері - қасиетті сахна құдыретін түсінетін әрбір жан үшін ерекше мән мен маңызға ие. Ендеше, баршаңызды осы бір атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!

Театр өркендесе, мәдениет қалыптасады. Осыдан біраз жыл бұрын бұл өнер түрін бағалайтындар аз, көрермен жоқ деп даурығатын едік. Қазір театрдан ине шаншыр орын таппаймыз. Бұл қасиетті саланың қарыштап дамығанын көрсетеді.