Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астанада Сириядағы жағдайға қатысты келіссөздер басталды

AstanaTV
23.01.2017ж. 20:00
2632
Астанада Сириядағы жағдайға қатысты келіссөздер басталды

Әлем назары Астанада. Бүгін көптен бері жоспарланған Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге бағытталған Астана процесі басталып кетті. Ол алдын ала болжам бойынша, ертең кешке дейін жалғаспақ. Әзірге келіссөздердің немен аяқталатынын ешкім болжай алмайды. Ал БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистура Астана келіссөздері нәтижесінде Сирияның барлық аймағында атысты тоқтатуға мүмкіндік болады деген оптимистік үмітін білдірді. Бір үстел басына жинала бермейтін қарсы тараптар атыс-шабысты тоқтатып, мәселені бейбіт жолмен реттеуге келісе ала ма? Айгүл Әдепбай тарихи сәттің барысын бақылады.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Қазақстан Сириядағы ахуалды реттеуге ден қойған тараптарға тек келіссөз алаңын беріп отыр. Сондықтан Астана келіссөз барысын тек бақылайды. Түркия, Ресей, Иран және Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері Риксос қонақ үйінде бас қосты. Кездесу жабық есік жағдайында. Ал журналистер Қазмедиа орталығына орналастырылды. Мұнда отандық және шетелдік БАҚ өкілдерін қосқанда, 500-ге жуық тілші бар. Келіссөздерге БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы елшісі мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қатысып жатыр.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко брифингте Астана процесіне 7 тараптың өкілі қатысып жатқанын айтты. Ресми Дамаск делегациясын БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Басар Әл Джафари басқарып келді. Ал сириялық оппозицияның құрамында 15 шақты топ өкілі бар. Ресей делегациясының басында Сирия сұрақтарын реттеу мәселелері жөніндегі арнайы өкілі - Александр Лаврентьев. Түркия мен Иран делегацияларын Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары бастап келген. Олардың бір үстел басына отыруының өзі - жетістік. Дегенмен, сириялық қару ұстанған оппозицияшыл топтың бір басшысы жоқ. Әр топ бөлек. Сондықтан бұл жайт та жағдайға әсер етуі мүмкін.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Бұл кездесу Қазақстанның абыройына оң әсер етеді. Дегенмен, бұл басты мақсат емес. Қазақстан биылғы жылдың қаңтарынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесіне айналды және алдағы екі жылда осы абыройлы саяси ұйымның құрамында жұмыс істейді. Сондықтан Астана келіссөздерінің қорытындысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі біздің жұмысымызға да әсер етеді деп күтіп отырмыз. 15 сириялық оппозициялық топ - желтоқсан айының соңында атысты тоқтату режимін қолдаған ұйым. Бірақ сириялық қарулы оппозиция делегацияларының басшысын тағайындамады.

Астана процесінің шымылдығы ашылған сәт қана тікелей эфир арқылы көрсетілді тілшілерге. Сырты істер министрі Қайрат Әбдірахманов Елбасының келіссөздер қатысушыларына үндеуін оқып берді.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Қазақстан бейбіт сүйгіш мемлекет және БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнатылуына және нығаюуына мүдделі. Астанадағы кездесу барлық мүдделі тараптардың БҰҰ аясында Женева үдерісінің шеңберінде сириялық дағдарысқа қатысты оңтайлы шешім табуына қажетті алғышаттарды қамтамасыз етіп, Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне лайықты үлес қосады деген сенім білдіремін.

Айта кетерлігі, Қазақстан келіссөздер өтетін орын ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. 2015 жылы Астана мамыр айында Сирия оппозициясы өкілдерінің қатысуымен келіссөздердің алғашқы раундын, қазан айында екінші раундын өткізді. Гуманитарлық көмекті де аяп қалмадық. Сирия халқына түскен ауыртпалықты жеңілдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам көлемде қаражат, 500 тонна азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек жолданды. Дегенмен, тілшілерді, АҚШ тарапы неге Қазақстандағы елшісін ғана жіберіп отыр, деген сұрақ та мазалады.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:


Бұл жағдайдың жағымсыз тұсын іздеудің қажеті жоқ. АҚШ Ресей, Түркия, Иран сияқты бұл келіссөздердің бастамашысы емес. Сондықтан америкалық делегацияның деңгейі осыдан басталады. Дегенмен тәжірибелі елші Кролдың біліктілігіне ешкім күмән келтіре алмайды, деп ойлаймын.

Сириядағы 6 жылға жуық уақытқа жалғасып келе жатқан қанды қырғын түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан киелі өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ешнәрсе алып келмеді. Елбасы кездесуге қатысушыларға арнаған үндеуінде осылай деді. Сирия саяси зерттеулер орталығының мәліметіне сүйенсек, 2011 жылдан бері Таяу Шығыстағы Араб республикасында 470 мың адам қаза болған. 14 млн үй-күйсіз, босқынға айналды. 4 млн халық басқа елге қашып бас сауғалаған. Сондықтан бейбіт өмірдің орнауына Астана процесі септігін тигізер деген үміт зор.

Айгүл ӘДЕПБАЙ