Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Павлодар іргесіндегі Ленин кентінің тұрғындары жартылай құлағалы тұрған баспаналарда тұруға мәжбүр

AstanaTV
23.01.2017ж. 20:00
2143
Павлодар іргесіндегі Ленин кентінің тұрғындары жартылай құлағалы тұрған баспаналарда тұруға мәжбүр

Апатты үйдегі қауіпті өмір! Павлодар іргесіндегі Ленин кентінің тұрғындары құлағалы тұрған баспаналарда тұруға мәжбүр. Олардың айтуынша, баспана коммуникация көздерінен ажыратылған. Барар жері жоқ бұқара пәтер ішіне пеш қалап алыпты. Пәтер кезегінен үміті үзілген отбасылардың жай-күйін әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы өз көзімен көріп қайтты.

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Ленин кентіндегі мына тұрғын үйлер өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңында салынған. Бүгінде мына 3 қабатты 4 подъезді үйде небары екі отбасы тұрып жатыр. Қалғандары жылу мен су желісі үзілгеннен кейін баспаналарын тастап, көшіп кеткен.

Получил квартиру - обрадовался так. А вот теперь работаю кочегаром.

Зейнеткер Иван Гудиннің әр күні осылай басталады. Отын жарып, пеш жағу. Тоқсаныншы жылдардың соңында үш қабатты тұрғын үй коммуникациядан түгел ажыратылыпты. Амалы таусылған ол 2003 жылы ас бөлмеге пеш қалап алған. Алайда, айналма қабырға жатын бөлмеден басқасын жылытпайды.

Ал, Алла Андреевнаның асханасы қыста тоңазытқыш қызметін атқарады. Азық-түліктің бәрі осында. Бұл үйге 1977 жылы қоныс аударғанын айтады. Ол кезде бәрі болған - орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйесі. Бірақ, тоқырау жылдарында халық үдере көшіп, ақыры 28 көршінің біреуі ғана қалған. Баспанасы апатты деп танылған соң, қария пәтер кезегіне тұрыпты.

Алла Коломоец:

Біз әуелде жалпы кезекте тұрдық. Бірақ осыдан 5-6 жыл бұрын маған хат келді, онда мені №4 категорияның кезегіне ауыстырғаны хабарланған. Бұл - апатты үйлерде тұратындарға арналған кезек. Жалпы кезекте мен 17-ші болатынмын. Ал, соңғысында 2-ші болып тұрмын. Бірақ әлі күнге дейін кезекте қозғалыс жоқ.

Жергілікті билік бұл үйлердегі тұрғындардың жайсыз тірлігінен хабардар. Әкімдіктің ақпаратынша, кентте мұндай 6 көпқабатты баспана бар. Оның бесеуі апатты, еш жөндеуге келмейді. Бірақ ол жерлерде  9 отбасы тұрып жатыр. Ал, 22 пәтерлі бір үйді қалыпқа келтіруге мүмкіндік бар. Жиырма жылға жуық созылған түйткілді атқару органдары мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі есебінен шешуді жоспарлап отыр.

Жеңіс Әбікен, Ленин кентінің әкімі:

Жеке кәсіпкер өзінің қаражатын салып, ол үйлерді бұзып, қалыпқа келтіруге болатын үйді қалыпқа келтіреді. Ал енді 5 апаттық үйде тұрып жатқан 9 отбасыға кәсіпкер басқа Ленин кенті аумағынан тұрғын үй береді.

Меншік иелері кәсіпкерге, келісілген шартқа сәйкес, өз үйлерін тегін береді. Ленин кенті әкімінің сөзінше, жаңа баспаналар ескі пәтерлердің аумағымен тең болмақ. Бірақ, бұл шаруа бір-екі жылда шешіле қоймасы анық. Сондықтан қауіпті баспаналарда жан бағып отырған қауымның әзірге күтуден басқа амалы жоқ.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ