Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Денсаулық сақтау министрілігі оқушылардың денсаулық тіркелімін жасамақ

AstanaTV
23.01.2017ж. 20:00
2932
Денсаулық сақтау министрілігі оқушылардың денсаулық тіркелімін жасамақ

Денсаулық сақтау министрілігі оқушылардың денсаулық тіркемесін жасайтын болады. Және мектептердегі медициналық пунктерді өз қадағалауына алғалы отыр. Бұл туралы министрлік өкілдері  "Астана" арнасына берген сұқбатында мәлім етті. Қазіргі таңда білім ордаларындағы медкабинеттерді басқа ведомство қарамағына өткізу шарасы аяқталуға жақын.

Ойын түрінде өткізілетін шара шәкірттерге қатты ұнайды. Сондықтан Қарағанды қаласындағы нөмірі бірінші гимназия оқушылары ақ халаттыларға қаралуға асығады. Бүгін балғындардың көзі тексеріледі. Мұндағы медбике балалардың денсаулығымен қатар  аурудың алдын алуға атсалысуы тиіс.

Нина Сверчкова, Қарағанды қаласы №1 гимназияның медбикесі:

Біз алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Мектептің санитарлық жағдайын тексереміз. Асхана, сумен қамту, егер карантин болса, бірден кварцтау шараларын жүргіземіз.

Мектеп қабырғасындағы кабинетте өзге де дәрігер мамандар белгіленген уақыт бойынша жұмыс істейді. Бұрын барлық шаралар білім басқармасының келісімі бойынша жүзеге асқан еді. Республикалық «Денсаулық» бағдарламасы енгізілгеннен бері оқушылардың жағдайын ткесеру жергілікті емханаларға жүктелді. Білім ордалары бұл жаңашылдықты толық қолдап отыр.

Инна Рябова, Қарағанды қаласы №1 гимназия директоры:

Медпунктпен жұмыс істеу өте қиын. Әуелгі мәселе - кадр тапшылығы. Біресе салқындық сақтау туралы қаулы келеді. Вакцина сақтайтын тоңазытқыш және оны тасымалдайтын арнайы жабдық алуым керек. Шприцті жою да маған жүктелетін. Енді міне бұл жұмыстарды сала мамандары атқарады. Ал мен болсам, оқу-ағарту ісімен ғана айналысып жүрмін.

Жаңа  талапқа  сәйкес енді мектептерде арнайы екпе кабинеті мен дәрігер отыратын орын болуы керек. Егер медпунктің  аумағы үлкен болса, стоматология кабинетін ашу да көзделіп отыр.

Гүлбан Мамалинова, Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қимыл-тірек аппаратының ауруына шалдыққан әрбір төртінші баланың көзі мен тістерінде кемшілік бар. Жан-жақта болмасын деп мектептегі медпункт кабинеттерін денсаулық сақтау саласына беру ұйығарылды.

Денсаулық сақтау министірлігі жуық арада жаңартылған кабинеттерді жабдықтаумен айналыса бастайды. Мәселен, Қарағанды облысында бұл  425 кабинет болса, соның тең жартысы арнайы құрал-жабдықсыз. Мамандар даярлау ісі де назарда.

Қуаныш Оспанов, Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:

Мектептердегі медициналық қызметкерлерді денсаулық сақтау саласына  ауыстыру  арқылы қызмет көрсету сапасы артады. Бастысы, біздің оқушылардың денсаулығы білікті мамандардың бақылауында  болады.

Кабинеттерді жабдықату жұмысы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Ал жақында еліміз бойынша оқушылардың денсаулығы жайлы ақпарат беретін жүйе іске қосылады. Яғни дәрігер мамандар ортақ базаға ену арқылы қай баланың қандай дертке шалдыққаны туралы толық ақпар алуына, тіпті оқушылардың қандай диспансерлік есепте тұрғанын да біле алатын болады. Бұл жаңашылдық дәрігерлердің дер кезінде көмек көрсетіп, оқушыны дереу емдеуге септігін тигізбек. 

Заңғар САНАЙ