“Жамбас тұсынан теуіп, шашынан ұстап, шапалақпен ұрдым”. Қуандық Бишімбаев Нүкенованы қайтыс болған күні бірнеше рет ұрғанын мойындады. Бірақ өлімші етіп сабамағанын айтады. Сөзінше, марқұмның өзі мас болып, қабырғаға соғылған. Артынша тепе-теңдікті ұстай алмай бетімен унитазға құлаған. Салтанаттың денесінгі ауыр жарақаттың бәрі осының кесірінен, - дейді. Ал Нүкенованың туған-туыстары күдіктінің сөзіне сенбейді. Кезекті сот процесінен Аружан Задабек ақпарат таратады.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Ел аузында жүрген Бишімбаев ісінің кезекті отырысы өтті. Әдеттегідей Нүкенова мен Бишімбаевтың туған-туыстары түгел жиналған.
Алдымен Қуандық Бишімбаев ол түні не болғанын егжей-жегжейлі түсіндіріп берді. Жұбайы екеуінің жанжалын үтір, нүктесіне дейін айтты. Нүкенованы өзін өте агрессивті ұстады деп айыптады. Сөйтіп амал жоқ бір-екі шапалағын бердім, - дейді. Осыдан кейін марқұм тепе-тендікті ұстай алмай басын қабырғаға ұрған. Артынша унитазға басын соғып, еденге құлаған көрінеді.
Қуандық БИШІМБАЕВ, КҮДІКТІ:
Баяу тұра бастағанында оған көмектескен жоқпын. Сағат пен неке сақинасының унитаз ішінде жатқанын көріп, «ішінен ал» дедім. Ол алды. Тепе-теңдікті сақтай алмай тағы бетімен құлап түсті. Дәретхананың есігінен қарап тұрдым. Екінші рет көтерілгісі келгенінде көмектестім. Екі рет құлағаннан кейін, қабырғаға сүйеніп отырды. Иек тұсынан қан аға бастағанын көрдім.
Мұны есту марқұмның жақындарына оңай болмады. Ағасының жағдайы күрт нашарлады. Оны байқаған судья үзіліс жариялады.
Айтбек АМАНГЕЛДІ, С. НҮКЕНОВАНЫҢ АҒАСЫ:
Оның жедел жәрдем шақыратын мүмкіндігі де, уақыты да болды. Ол Салтанаттың денесі мұздағанын көрген кезде-ақ қоңырау шалуы керек еді. Қан аққанын да, денесінің көгергенін де таң атқанда көрген. Оны өзі айтты. Адам жай ғана құлаған кезде де жедел жәрдем шақырамыз ғой.
Жұбайлар арасындағы дау мұнымен бітпеген көрінеді. Бишімбаев марқұмды үш рет теуіп, шапалақпен ұрған. Онымен қоймай, шашынан ұстап тұрғызбақшы болыпты. Мұны күдіктінің өзі мойындады. Осынша соққыдан кейін Нүкенованың жағдайы ауырлай түскен. Екінші күдікті Бақытжан Байжан Бишімбаевқа жедел жәрдем шақырайық деп қолқа салған көрінеді. Бірақ күдікті алдымен дәрігерге емес, көріпкелге хабарласыпты.
Жанна ОРАЗБАҚОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ АДВОКАТЫ:
Біздің ойымызша, ол Салтанаттың өлгенін күткен. Сондықтан біз бұл оқиғаны қасақана адам өлтіру деп санаймыз.
Сот процесі кезінде прокурорлар адам өлімі болған күні сыртқы бейнебақылау камерасына жазылған видеоларды көрсетті. Онда Бишімбаев пен Нүкенованың сөзге келіспей қалғанын анық байқауға болады. Жұбайлар БАУ мейрамханасына бірнеше рет кіріп, шыққан.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Сот процесінде Қуандық Бишімбаев Бақытжан Байжаннан камералардағы видеоны өшіруді шынымен сұрағанын мойындады. Қызметкерлерді тарат деген пәрмен бергенін де растады. Әйелін азаптап өлтірді деген күдікке ілінген экс-министрге қатысты сот отырысы ертең жалғасады.