Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

"ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі", – Тоқаев

"ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі", – Тоқаев

"Былтыр әлемде 183 қақтығыс болып, жанжалдардың саны шамамен 30 пайызға артқан". Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуінде осылай деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұйым Еуразия аймағындағы 9 мемлекеттің басын біріктіріп отырғанын еске салды. Сондай-ақ қазір ұйымның Астанадағы саммитіне дайындық жүріп жатқанын, шараның еліміз үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы әлемдегі өңірлік және жергілікті деңгейдегі қақтығыстардың көбеюі соңғы отыз жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш екенін айтты. Сондай-ақ халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейіп келетінін жеткізді. Президент жақында ғана Мәскеу облысында болған қайғылы оқиғада лаңкестер зорлық-зомбылықтың ең қатыгез, әрі зұлым түрлерін қолдануды жалғастырып жатқанын көрсетті, дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан лаңкестік әрекетті қатаң айыптайтынын бірден мәлімдеді және Ресеймен бірге екенін білдірді. Екі елдің арнаулы қызметтері терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұдайы байланыста. +Ең бастысы, болған істен дұрыс қорытынды шығарып, нақты шаралар қабылдау керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, террорлық қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беруге тиіспіз.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 20 жылдан бері өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру миссиясын жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы уақытта терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау керек.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі. Сондықтан біздің Ұйым өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген әрі нақты қадамдардың үлгісін көрсетуі тиіс.

Мемлекет басшысы Ауғанстан аумағы халықаралық лаңкестік топтардың ұясына айналмауы үшін бұл елдегі ахуалға ерекше назар аудару қажет екенін ескертті. Сондай-ақ ауған жеріндегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алуға және ұзақмерзімді тұрақтылықтың сақталуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастыру маңызды деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Таяу Шығыстағы қақтығыс та қауіпсіздікке нұқсан келтіретін елеулі факторға айналып отыр. Оның қайғылы салдары бейбіт халыққа ауыр тиді. Аймақтағы тұрақтылыққа орасан зор зиян келді. Қақтығыс одан әрі ушығып кетпеуі үшін жоғары деңгейдегі дипломатия қажет. Жалпы, халықаралық жағдай шиеленісіп тұр деп айтуға болады. Дүниежүзі халқының тең жартысының атынан әрекет ететін біздің Ұйым қауіпсіз әрі әділетті әлем құру формуласын ұсына алатынына сенімдімін.

Кездесуде Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өкінішке қарай, әлемдегі жағдай жақын арада жақсара қоймайтын сияқты. Елдеріміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін сын-қатер әлі де бар десек, артық айтқандық емес. Бұл мемлекеттеріміздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірігуі қажет екенін көрсетеді. Сол арқылы сырттан келетін барлық қауіпті тойтаруға және жоюға бағытталған бірлескен күш-жігер мен нақты шаралар қабылдаймыз. Сондықтан біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне бұрын да, қазір де баса назар аударамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстармен және лаңкестік әрекеттердің белең алуымен қатар, климат дағдарысы, азық-түлік, су, көлік және энергетикалық қауіпсіздік салаларында сын-қатерлер байқалатынына назар аударды. Сондай-ақ, Президент кездесуге қатысушылардың Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «шанхай рухын» күшейту жолындағы жұмысына табыс тіледі.