Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Таразда 70 жастағы желаяқ тұрады

AstanaTV
03.04.2024ж. 21:00
281
Таразда 70 жастағы желаяқ тұрады

Таразда желмен жарысқан желаяқ тұрады. 70 жастағы Жақсылық Мамырбекұлы ә дегеннен 50 шақырымды еңсереді. Жүгіруден алдына қара салмайтын қария халықаралық жарыстарға да қатысады,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы. 

Тараз көшелерімен күнделікті жүгіретін қарияны қала халқы тегіс таниды. 70 жастағы Жақсылық Мамырбекұлы 7 жыл бойы жүгіруді жанына серік еткен. Жаттығу ретінде күніне 5 шақырымды бағындырады. Белтемірдің құлағында ойнайды.

Жақсылық Мамырбекұлы, марафоншы:

40 шақырымды 63 жасымда бастадым. 2017 жылы «Эксподан» бастадым. Содан, міне әлі жүгіріп келе жатырмын. Өзімнің бір сөзім бар: жүгіру – жұз аурудың емі, марафон – мың аурудың емі деген. Шамам болса жүгіре беремін. Мен жүгірген сайын ләззат аламын.

Ақсақал жуырда 50 шақырымды 4 сағатта жүгіріп өтті. Ресей мен Орталық азия елдерінен де олжалы оралған. Қатарластары қария деуге қимайды, «жетпістегі жас жігіт» деп қалжыңдайды.

Бекасыл Үсіпбек, қала тұрғыны:

Өз еңбегімен салауатты өмір салтын жариялап, елге, жастарға жеткізіп жүрген осы кісі. Біз оны мақтаныш тұтамыз. Салауатты өмір салтын дәріптеп жүрген кісілер өте аз. Сондықтан мұндай кісілерге қолдау көрсету – біздің міндетіміз.

Ал аймақтың спортына жауаптылар ат төбеліндей ардагерлер бұқаралық спортты дамытуда марафоншыларға мотивация береді дейді.

Нұржан Жолдасбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Облыс тұрғындарының 500 мыңға жуығы яғни 40,3 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануда. + Ардагерлеріміз жарысқа қатысу үшін қаржы қарастырылып, бөлініп, іс-шараларға жіберіледі.

Жақсылық ата жастарға үлгі болып, тоқсанға жеткенше тоқтағысы жоқ.