$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбе облысында бөгеттің жарылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды

04.04.2024ж. 20:00
554
Ақтөбе облысында бөгеттің жарылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе облысында Әйтеке би ауданындағы бөгеттің жырылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Щербаковское» бөгеті су тасқынына шыдас бермей 30 наурызда бұзылды. Ырғыз өзені арнасынан асып Темірбек Жүргенев ауылына су кірді. 78 тұрғын үйді су басып, он үй қирады. Ауылдан мыңға жуық адам эвакуацияланды. Бұл бөгет былтыр жөндеуден өткен. Ақтөбе облысы табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасына тиесілі. Жөндеу жұмыстарынан кейін нысанды осы мекеме қабылдап алған көрінеді.

Өркен ЕЩАНОВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Әйтеке би ауданының прокуратурасымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігімен (салғырттық) қылмыстық істі тіркеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта, тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастыру үшін қылмыстық іс, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданды.

Қазір өңірде тасқынның салдарымен күрес шаралары жүуде. Арнайы комиссия келген шығынды есептеп жатыр. Эвакуациялық бекеттерде екі мың адам бар. Ал 2 мыңнан астам адам өз туыстарының үйіне орналасқан. Алматыдан көмекке келген Республикалық жедел құтқару жасағы өңірде жұмысын аяқтап, Батыс Қазақстан облысына аттанды. Олар Ойыл ауданындағы Қаратал ауылы тұрғындарын эвакуациялауға жәрдемдескен болатын. Облыс төңірегіндегі өзен -көлдерге кезекшілік қойылып, су деңгейі жіті бақылауға алынған.