Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Су тасқынынан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіледі",-Президент

04.04.2024ж. 20:00
479
"Су тасқынынан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіледі",-Президент

Үйін су басып, дүние-мүлкінен айрылған халыққа көмек көрсетіледі. Бұрын-соңды болмаған табиғи апаттан зардап шеккендердің ешбірі елеусіз қалмайды. Бүгін Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарын тікұшақпен аралап шықты.

Үйі суға кетіп, Қаратөбе ауданындағы мектеп-гимназияға орналастырылған 174 тұрғын қазір ас-сумен, өзге керек-жарақпен қамтылған.

Қобыланды ЖҰМАҒАЛИЕВ, АҚҚОЗЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тосыннан су келді. Судың биіктігін айтатын болсам, мынау жүріп жатқан грейдеріміздің өзі 2 метр биіктікте. Анау бөгеген, ауылды қоршаған дамбамыз оның өзі 2,5 метр биікте. Соның үстінен кетті су. Біз енді үлгіре алмай қалдық. Заттарымызды да алып үлгіре алмай қалдық. Малымыз қалды қорада. Ауылда қалған азамат-азаматшалардың бәрі сол қауіпсіз орынға көшірілді. Халық аман, қазақ елі аман болсын деп айтқымыз келеді!

Жиған-тергенінен бір сәтте айрылып, дағдарған жұртты жұбатқан президент мұндай апаттың бұрын болмағанын айтты. Биылғы жойқын судың залалы 1994-жылғы тасқыннан да асып түсті. Дегенмен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі, деді мемлекет басшысы. Қазірдің өзінде оларға бір реттік жәрдем ретінде 63 миллион теңге бөлінуі халықтың қуаты бірлікте екенін дәлелдегендей.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Арнайы өзім келіп отырмын хал-жағдайларыңызды сұрап білейін деп. Бұл - үлкен табиғи апат. Бұрын-соңды болмаған. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмекті көрсетеді. Сондықтан алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады. Тиісті қаражатты бөлеміз.

Бүгінде Орал қаласы мен 6 ауданды су басып, 900-ден астам баспана бүлінген, 7 мыңға жуық тұрғын көшірілді. Ендігі міндет - бәрін қалпына келтіру. Өңірде жедел штаб жиынын өткізген президент осыны тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын.

Көктем күшіне мініп, күн жылынарын ескерсек, жағдай әлі ушығуы мүмкін. Бұған дейін мамандар тасқынның екінші толқыны болатынын болжаған еді. Президент оған дайын болуды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқыны кезеңіне жыл сайынғы дайындық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде басталуы қажет./+/Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек.

Бүгінде суға кеткен төрт түліктің есебі жоқ. Енді қырылған малдан індет таралуына жол бермеу керек. Салынар және жөнделер үйлердің құрылысын тездетіп, бағаны бақылауды тапсырған президент көктемгі қарбаласқа ертерек дайындалуды жүктеді. Әсіресе суы мол өзендердің арнасын реттеу үшін суқойма салу маңызды. Сонда қажет су қорын сақтап, еліміз қарғын судың игілігін де көрер еді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір тиісті мекемелердің бәрі белсенді жұмыс істеп жатыр. Бірқатар аймақты қарғын су басып қалды. Кейбір жерде тасқын су көтеріліп жатыр. Бұл – табиғи апат. Қысқасы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ. Тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары атқарылуда. Менің тапсырмам бойынша облыстардың әкімдері жұмысқа белсенді кірісті.

Мұндай апаттың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдарды бақылау құзіретін беру қажет. Ал мемлекеттік органдардың осындай кездегі бірыңғай әрекет ету алгоритмі әзірленсе, төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге дейінгі барлық іс-қимыл нақты қамтылады, деді Президент.