Ақтөбеде төтенше жағдайдың алдын алмақ болған мектептің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қалалық нөмірі алтыншы орта мектепте білім бөлімінің бұйрығымен өткен оқу-жаттығу кезінде 4 бала жарақат алған. Көптің арасында құлап, тапталып қалған біреуі жансақтау бөлімінен бірақ- ақ шыққан.
2-ші сынып оқушысы Санжар биылғы көктемнің алғашқы күні жадында ұзақ сақталатынын айтады. Әдебиет пәні ортасына таяғанда, кенеттен дабыл соғылып, барлық оқушы сыртқа бет алған. Сол кезде Санжар да жүгірем деп сүрініп құлап, есінен танып қалыпты.
Қарапайым қоңырау уақытында жүгіріп жүретін бүлдіршіндер аяқ астынан дабыл қаққан кезде баспалдақтарға лап қойған көрінеді. Екінші класс оқушысы Санжар дәл осы жерде жығылып, үстінен бір топ бала жүгіріп өткен.
Санжар Идиев, оқушы:
Біреу итеріп жіберді, құладым жәй. Сосын демала алмай қалдым. Есімнен танып қалдым. Есімді жисам, ағайдың қолындамын ағай мені емханаға апарды.
Ауруханаға жедел жәрдеммен Санжардан бөлек, тағы 3 бала жеткізіліпті. Екеуінің жағдайын қалыпты деген дәрігерлер бірден үйлеріне қайтарған. Біреуіне жеңіл желпі ем жасалса, Санжарды дереу жансақтау бөліміне жатқызған. Екі тәулік бойы ерекше бақылауда болып, тек бүгін ғана ол жалпы палатаға ауыстырылыпты.
Самат Көкшібаев, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері:
Жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, бет әлпеті мен кеудесіндегі аймағындағы соғылу алған жарақаттарымен. Қазір балалардың жағдайлары орта дәрежеде деп есептейміз. Емін алып жатыр.
Күні-түні емхана есігін күзеткен Санжардың анасы болса, бұл білім ошағындағылардың жауапсыздығынан болды деп отыр.
Жәмилә Идиева, Санжардың анасы
Бірінші кезекте әрине, мұғалімдер жауапты. Олар алдын ала ескертіп, оқушыларды дайындауы тиіс еді. Аяқ астында қалған баламды біреуі де көтермей аттап кеткен ғой. Қазіргі балалардың сонша қатігездігі ме бұл?
Мектеп басшылығы оқу-жаттығу жұмысын қалалық білім бөлімінің бұйрығына сәйкес өткіздік, дейді. Халықаралық азаматтық қорғаныс күніне орай төтенше жағдайға дайындықты пысықтау тапсырылған.
Шолпан Жанғалиева, Ақтөбе қалалық Ғ. Ақтаев атындағы № 6 мектептің директоры:
Мен өзім жиналыста болып, саған 4-тен өте маған хабар жеткен кезде мен өзім келдім. + Бұл жақта жауапты біздің шығарған бұйрығымыз бойынша алғашқы әскери дайындық мұғалімі жауапты болды. Мектептің шаруашылық жөніндегі орынбасарым. Себебі, жаңағы дабыл-қоңғырауға жауапты. Менің барлық орынбасарларым да іште, медбике де іште болды.
Қалалық білім департаменті дерегінше, төтенше жағдай мамандары жыл сайын мектеп басшылары мен олардың орынбасарларына арнайы дәріс өткізеді. Сондықтан мектеп директоры қалалық білім бөлімімен тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Мансұр ЕСҚОЖИН