$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Су тасқыны Ұлыбритания халқын сарсаңға салды

AstanaTV
05.04.2024ж. 18:22
450
Су тасқыны Ұлыбритания халқын сарсаңға салды

Британия ғалымдары елдегі су тасқындары үйреншікті құбылысқа айналуы мүмкін деп ескертеді. Мамандар мұны жаһандық жылынудың әсерімен байланыстырады. Сондықтан, тасқынға қарсы күреске ұлттық деңгейде мән беру керек дейді олар. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова тарқатады,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы. 

Иан ақсақалдың 40 жылға жуық тұрған баспанасының сау-тамтығы қалмаған. Топан су санаулы секундтардың ішінде пәтерінің астан-кестеңін шығарған.

Иан Стюарт, тұрғын:

2002 жылы да осындай жағдай болды. Ол кезде мен жас едім. Ал қазір қартайдым. Кемпірім екеуміздің үйді қалпына келтіруге әліміз келмейді.

Соңғы жарты жылдың өзінде Ұлыбританияны 8 түрлі дүлей дауыл шарпыды. Желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетіп, жауын-шашынның кесірінен өзендер арнасынан тасыды. Мыңдаған үйді су басып, тұрғындар қаза тапты.

Майк Кендон, метеорологиялық қызметтің аға ғылыми қызметкері:

Дауылдардың көбеюіне жаһандық жылыну себеп. Өкінішке қарай, болашақта мұндай табиғи апаттардың талайын көреміз.

Кезінде ковидпен күрескендей су тасқындарына да ұлттық деңгейде қарсы тұра білу керек. Үкімет сын-тегеуріндерге дайын болып, ескертулерге құлақ асады деп үміттенеді ғалымдар.

Кэвин Коллинз, OPEN Университетінің ғалымы:

Топан суға төтеп беру үшін әрекет етуге міндеттіміз. Инфрақұрылымдарымызды жоспарлауға келгенде оларды нығайту мәселелерін басты назарда ұстауымыз қажет.

Жағдай алаңдатарлық. Мамандардың пікірінше, атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейі артып жатыр. Ауаны ластайтын зиянды заттардың әсерінен биылғы жыл тіпті ыстық болып, табиғи ауытқулар жиілейді деп болжануда.