Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Қызылсайда" арқарлардың төлдеу кезеңі басталды

AstanaTV
05.04.2024ж. 19:00
158
"Қызылсайда" арқарлардың төлдеу кезеңі басталды

"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне тиесілі аумақта арқарлардың төлдеу кезені басталды, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz.

Наурыз айының соңынан бері "Манашы", "Тасорпа" мемлекеттік табиғи қаумалдарының басшылары ерекше қорғалатын аумақтарға дала аңдарының көктемгі жай-күйін бақылауға алған. Осы мақсатта арнайы фототұзақтар орнатып, айналаға рейдтік іс-шара жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне тиесілі 4 қаумалда мекен ететін арқарлар саны мыңнан асып жығылған. Табиғи өсім бойынша түз жануарлары наурыздың соңынан мамыр айына дейін төлдейді. "Көктем мезгілінің орта тұсы арқарлардың төлдейтін уақыты. Сондықтан жануарлардың тыныштығы үшін барлық тиісті жұмыстарды біздің парктің инспекторлары атқарып жатыр. Тәулік бойы кезекшілікпен аумақта мотоцикл мен көліктердің жүруіне, дрон ұшыруға тыйым салынған. Сондай-ақ, аңшылардың мылтық атуына тосқауыл қойылған. Бақылау жұмыстарын фототұзақпен атқарып отырмыз.

"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне 4 қаумал, 1 парк кіреді. Осы орайда біз "Адамтас" қаумалына ғана фототұзақ құрған жоқпыз. Себебі, теңіз жағасы болғандықтан мұнда тек құстар ғана бар. Қалған 3 қаумал мен 1 паркте арқарлардың төлдеуі тұрақты бақыланып отыр. Олардың нақты саны сәуір айының соңында белгілі болады", - деді парк директоры Мыңберген Қаратауов.

Былтырғы санақ кезінде түрлі қолайсыздықтарға қарамастан 1059 арқар басы анықталған. Ал биылдан бастап олардың саны едәуір көбейгелі отыр.